Қарсыласымның бойы ұзын болғанымен күші асып тұр деп айта алмаймын – Нұрлыхан Шархан
ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында дзюдодан ерлер арасында Нұрлыхан Шархан екінші белдесуінде қарсыласына жол берген болатын.
Жарыстан кейін көз жасына ерік берген отандасымыз журналистерге сұхбат беруден бас тартып, ешкіммен сөйлеспей киім ауыстыру бөлмесіне кетіп қалған болатын. Сәлден кейін, балуанымыздың терін құрғатпай тұрып, шағын пікірін жазып алып алуға мүмкіндік алдық.
«Бірінші белдесуімде белгиялық балуанды жеңгеніммен, екінші белдесуде өзбекке ұтылып қалдым. Негізі, шамам келгенше ашық, таза күрестім. Бапкерлерімнің тапсырмасын да мүлтіксіз орындадым. Мен ешқандай шаршаған да жоқпын. Қарсыласымның бойы ұзын болғанымен күші менен асып тұр деп айта алмаймын. Оның бойының ұзындығы маған еш қолайсыздық тудырған жоқ. Маған тек сәттілік жетіспей қалды деп ойлаймын. Төрешілерге ешқандай өкпем жоқ. Қателіктердің барлығы өзімнен болды деп есептеймін. Қарсыласымның бойының ұзындығы да маған ешқандай қолайсыздық тудырған жоқ. Олимпиада деген өзі осындай жарыс қой, барлығына сабырмен, төзіммен қарау керек. Өзім бойымдағы бар күшімді салдым деп ойлаймын. Келесі Олимпиада ойындары бұйырып жатса жеңіске жетуге тырысамын. Мені қолдаған жанкүйерлеріме, отандастарыма, отбасыма алғысымды айтамын», - деді дзюдошы.
Естеріңізге сала кетейік, жалпы Париж Олимпиадасына ерлерден 5, әйелдерден 3 дзюдошы келген болатын. Осымен ерлер арасында ел намысын қорғайтын татами шеберлері Олимпиаданы толығымен аяқтады. Ерлер құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 қола медаль бар.
Енді, әйелдер арасында бір ғана дзюдошы қалды. Камила Берліқаш (78 кг) 3 тамыз күні татамиге шығады.