80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Зарина Толыбай Тувалу өкілі Френцис Таафакимен кездесті. Қазақстандық спортшының басымдығымен өткен жекпе-жек екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды.
Жекпе-жек барысында төреші қарсыласқа үш рет нокдаун, ал қазақстандық боксшыға бір рет нокдаун санады.
Осы жеңістің арқасында Зарина Толыбай жартылай финалға шығып, әлем чемпионатының кем дегенде қола медалін иеленуді қамтамасыз етті. Бұл – Қазақстан құрамасының осы турнирдегі алғашқы кепілді медалі.
Айта кетейік, Зарина Толыбай – жасөспірімдер арасындағы (U-19) Азияның қазіргі чемпионы. Енді ол әлем чемпионатының финалына шығу үшін түркиялық Мирай Догрумен кездеседі.
Будва қаласында өтіп жатқан бұл әлем біріншілігі 27 қазанда аяқталады. Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Бибарыс Әшірбай әлем чемпионатында алғашқы қарсыласын жеңгенін жаздық.