Қарсыласын тек нокаутқа түсіретін Арман Рысбек енді кіммен айқасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық екінші орта салмақтағы боксшы Арман Рысбек (5-0, 4 КО) келесі жылдың басында өзінің кезекті айқасын өткізеді, деп хабарлайды Sports.kz.

BoxRec.com сайтының ақпараты бойынша, бокс кеші 18 қаңтарда (Қазақстанда 19 қаңтар, таңертең) Сан-Бернардино қаласындағы (АҚШ, Калифорния штаты) Club Events Center-да өтеді. Жекпе-жек төрт раундқа жоспарланған, біздің отандасымыздың қарсыласы әзірге белгісіз. Бұл Рысбектің АҚШ аумағындағы екінші айқасы. Бұған дейін ол екі рет өз отанында және екі рет Аргентинада бокстасқан.

Арман соңғы рет рингке 15 қыркүйекте Ақтөбедегі бокс кеші аясында шықты. Онда ол үшінші раундта техникалық нокаутпен Өзбекстан өкілі Дмитрий Антиповты (1-15) жеңген еді.