Бұл аса ауыр қылмыс осыдан екі ай бұрын Сейфуллин даңғылының бойындағы үйлердің бірінің маңында орын алған. Дәл сол сенбі күні еш жерде жұмыс істемейтін екеу өз уақыттарын әдеттегідей дағдыға айналған - карта ойынымен өткізіп отырған. Құмар ойынның қызығына әбден кірген 43 жастағы Қасым өзінің серіктесіне байырғы карта ойынынан қалған қарыздарын есіне салады.
"Куәгерлердің айтуынша, қатты шекісіп қалған ер адамдар, бір-бірін жаман сөздермен де балағаттаған. Сол кезде Қ. есімді азамат қойнынан пышақ шығарып, 48 жастағы азамат Б.-ның жүрек тұсынан салып алған. Жәбірленуші қылмыс болған жерде есін жимастан жан тәсілім еткен. Бастапқы тергеу мен жедел іс-шара кезінде әртүрлі құрылыс нысандарында жұмыс істеп, уақыттарының басым көпшілігін бірге өткізіп жүрген екі таныстың жеке бастары анықталды. Соның нәтижесінде, қылмыскер Шымкент қаласының маңындағы қараусыз қалған саяжай аумағындағы бір үйде бой тасалап жатқан жерінен ұсталды. Қазіргі уақытта ол Алматыға жеткізіліп, қамауға алынды», - деді Алматы қаласы ІІД-нің жеке басқа қатысты қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сабыржан Жорабеков.
Оның айтуынша, кісі қолынан қаза тапқан азаматтың карта ойынындағы қарызы небәрі екі мың теңгеден сәл ғана асатын соманы құраған.