Картаға ақша түссе, салық төлейсіз бе: мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — 8 қарашадан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау талаптары өзгерді. Енді азаматтың жеке шотына үш ай ішінде кемінде 100 адамнан жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден асатын аударым түссе, бұл туралы ақпарат салық органдарына беріледі.

Коллаж: Kazinform

Жаңа тәртіпті ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының сарапшысы Данагүл Сағынбек түсіндірді.

Оның айтуынша, өзгерістер Қаржы министрінің № 718 бұйрығында қарастырылған. Жаңа талап кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке банк шоттарына қатысты. Егер азаматтың шотына қатарынан үш ай бойы 100 немесе одан да көп адамнан ақша түсіп, аударымдардың жалпы сомасы 360 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асса, банк бұл туралы салық органдарына мәлімет береді.

— Бұған дейін салық органдарының бақылауына жалпы сомасы 1 миллион 20 мың теңгеден асатын мобильді аударымдар ілінетін. Енді бұл шек 1 миллион 557 мың теңгеге дейін көтерілді, яғни жаңа талап бойынша аударымдардың жалпы сомасы осы мөлшерден асуы тиіс, — деп түсіндірді Данагүл Сағынбек.

Маманның түсіндіруінше, аталған үш талаптың барлығы бір мезгілде орындалуы тиіс, яғни аударымдар қатарынан үш ай ішінде кемінде 100 түрлі адамнан түсіп, олардың жалпы сомасы белгіленген шектен асқан жағдайда ғана екінші деңгейлі банктер тиісті ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды.

Салық органдары банк ұсынған мәліметтерді алғаннан кейін тексеру жұмыстарын үш кезең бойынша жүргізеді.

— Алғашқы кезеңде азаматқа ақпараттық хабарлама жіберіледі. Онда салық органдарының назарын аударған жағдайлар туралы мәлімет беріледі. Мұндай хабарламаға жауап беру міндетті емес. Екінші кезеңде камералдық бақылау жүргізіледі. Егер азамат тапсырған салық есептілігінен сәйкессіздіктер анықталса, оған тиісті хабарлама жолданады. Бұл жағдайда азамат салық есептілігін тапсыруы немесе анықталған сәйкессіздіктермен келіспесе, түсініктеме беруі қажет. Үшінші кезең салықтық тексеруді қамтиды. Мұндай тексеру салық органының тиісті шешімі болған жағдайда ғана тағайындалады, — деді спикер.

Данагүл Сағынбектің мәліметінше, бірінші және екінші тоқсанның қорытындысы бойынша азаматтарға 274 318 push-хабарлама жіберілген. Соның нәтижесінде 55 133 адам жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұлға ретінде тіркелген.

Сондай-ақ комитет өкілі хабарлама алған азаматтар тиісті кірістерін өздерінің мәртебесі мен қолданатын салық режиміне сәйкес салық есептілігінде көрсетуі қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін салық органдары мобильді аударымдарды бақылау кезінде азаматтардың жеке аударымдары мен кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерді қалай ажырататынын түсіндірген болатын.