- Жалпы, жиын-терім қорытындысы бойынша картоптың жалпы түсімі 2,8 млн тоннаны құрайды деп болжап отырмыз. Бұл өткен жылғы деңгеймен бірдей. Былтыр 388 мың тонна картоп экспорттадық. Биыл да 400 мың тонна көлеміндегі экспорттық әлеует сақталады. Бүгінде 2,5 млн тонна картоп жиналды, - деді ол.
Вице-министрдің дерегінше, қазіргі уақытта Қарағанды және Павлодар облыстарындағы алқаптарда картоп 90-100 теңгеден сатылып жатыр.
- Фермерлерге картоптың артығын басқа елдерге экспорттауға мүмкіндік беру үшін әкімдіктермен және ірі сауда желілерімен алдын ала келісімшарт жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Демек, бүгінгі таңда картоп экспортына қандай да бір шектеу енгізуге ешқандай негіз көріп отырған жоқпыз, - деді Назгүл Хатепова.
Бұған дейін биыл шаруашылықтардағы картоп егу алқабы 5,5 мың гектарға көбейгенін жазған едік.