Картоп қай елдерден импортталды

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері картоп бағасы жиі құбылып тұрды. Осы орайда биыл жаңа өнім шыққанша қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр? Бұл сұраққа Сауда және интеграция министрлігі жауап берді.

— Маусымаралық кезеңде сақтау шығындарының артуына және биологиялық үдерістерге байланысты қор көлемінің азаюына орай көкөніс өнімдеріне бағаның өсуі байқалады. Биыл картоп бағасының өсуіне жоғары экспорт, сондай-ақ сапасының төмендеуіне байланысты қорлардың азаюы әсер етті, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне қарағанда, 2024 жылы елден 545 442,1 тонна картоп экспортталған, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,7 пайызға артық (2023 жылы — 398 978,1 тонна).

— Бағаны тұрақтандыру, өнім құнының өсуіне жол бермеу және ішкі нарықта тапшылықтың алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылып отыр. Осылайша, ішкі нарықты отандық өндірістегі өніммен қамтамасыз ету және агрессивті экспортқа жол бермеу мақсатында 6 айға картоп экспортына тыйым салынды. Нарықты жедел толықтыру үшін Қытай мен Пәкістаннан картоп импорталып, әкімдіктердің өтінімдері бойынша бөлінді. Сауда министрлігінің аумақтық бөлімшелері тарапынан тұрақты түрде тексерулер жүргізіліп, сауда үстемесін асыру фактілері бойынша әкімшілік істер қозғалады, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Азық-түлік тауарларының баға түзілу тізбегіндегі делдалдық схемаларды зерттейтін өңірлік комиссиялар жұмыс істеп тұр. Сауда үстемесін рұқсат етілген деңгейінен асқаны үшін ескерту орнына әкімшілік айыппұл салуды көздейтін ӘҚБК-ге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі, онда өнім нарықтағы бағадан төмен, өндірушілерден тікелей сатылады. Жыл басынан бері 1500-ден астам жәрмеңке ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және картоп нарығын тұрақтандыру шаралары аясында 2025 жылы картоп егістігі алқаптарын 15 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 125 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Ішкі нарықты мол картоп көлемімен әрі қарай қамтамасыз ету бағаның тұрақтылығына ықпал етеді. 

Еске салсақ, жақында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин картоп бағасына қатысты түсінік берді.