Қарттар күні: Блогер әженің белсенді өмірі

АСТАНА. KAZINFORM – Қарттар күні қарсаңында белсенді өмір салтын ұстанып, әлеуметтік желіде күнделікті тіршілігін көрсетіп жүрген Орал қаласының тұрғыны Жұмағыз Бимағанбетова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасына сұхбат берді. Жасы ұлғайғанына қарамастан, ол таңғы сағат 5-те тұрып, күн сайын 10 мың қадам жүреді, жаттығу жасайды және видеоларын өзі түсіріп, өңдеп, әлеуметтік желіге жариялайды.

Фото: Видеодан алынған скрин

Жұмағыз Бимағанбетова блог жүргізуді биыл қыркүйекте бастаған. Бұған дейін де әлеуметтік желіге күнделікті өмірін түсіріп жүрген ол мамандармен байланысып, белсенді өмір салтын насихаттайтын жеке блогын дамытуға кіріскен. 

– 8 қыркүйектен бастап блог жүргізе бастадым. Ал 28 шілдеден бастап күнделікті жүре бастадым. Мамандар хабарласып, қалай жүретінімді, не істейтінімді, күнделікті өмірімді көрсетсем деген ұсыныс айтты. Жастарға, аяғы, жүрегі ауыратын адамдарға күнделікті қозғалыстың қандай нәтиже беретінін айтқым келді. Содан бері өзім жүріп, жаттығу жасап, бәрін әлеуметтік желіге салып отырмын, – дейді ол.

Оның әдеттегі күні таңғы бестен басталады. Алты жарым, жетіге дейін 10 мың қадам жүруге тырысады. Телефонындағы қадам санағыш арқылы жүрісін бақылап отырады. Үйге қайтар жолда жаттығу жасап, кейін немересін мектепке шығарып салады. Оның айтуынша, таңғы қозғалыс күн бойындағы сергектігіне әсер етеді.

– Таңертең жүргенімнің арқасында кешке дейін күш-қуат болады. Таңертең ауа да басқаша, миың да демалады. Бұрын екі аяғым кешке қарай сырқырап ауыратын. Қазір төртінші қабатта тұрамын, төртінші қабатқа жүгіріп шығып жүрмін. Үйге терлеп келемін. Кейде белтемірде (турник) де асыламын, – дейді блогер әже.

Жұмағыз Бимағанбетова үшін әлеуметтік желіге контент жасау да күнделікті әдетке айналған. Видеоны түсіру, өңдеу және жариялау жұмыстарын өзі атқарады. Бұл іске арнайы курс оқып, қажетті дағдыларды өз бетімен меңгерген.

– Видеоны өңдеу, оны салу – бәрін өзім жасаймын. Балаларым тіпті блог жүргізетінімді білмейді. Өзім курс алып, өзім үйрендім. Қалай істеймін, солай саламын, – дейді ол.

Белсенді өмір салты кейіпкердің өміріндегі алғашқы бастама емес. Жұмағыз Бимағанбетова жастық шағында ауылда комсомол хатшысы болған. Кейін мұнай базасында меңгеруші қызметін атқарып, ауыл шаруашылығы саласында да еңбек еткен. Балаларын қалада оқытып, кейін немерелерін тәрбиелеуге көңіл бөлген.

Қазір үлкен немересі 17 жаста, ал кенже немересі екі айлық. Жалпы блогер әже 16 жылдан бері немере тәрбиелеп келеді.

– Балаларымды қалада оқыттым. 48 жасымда немере бағып қалдым. Қазір 16 жыл болды немере бағып отырғаныма. Содан кейін өз өмірімде істелмей қалған дүниелер бар сияқты сезіндім. Соны өзім қолға алып жатырмын, – дейді Жұмағыз Бимағанбетова.

Ол соңғы уақытта тамақтануына да көңіл бөле бастағанын айтады. Бір ай ішінде 10 келі салмақ тастаған. 

– Бір айда 10 келі тастадым. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Біріншіден, 10 мың қадам жүремін. Бұрын ақ нан мен қаймақты үш мезгіл жейтінмін. Нанды өте жақсы көремін. Қазір ақ нанды алып тастадым, қара нан жеймін. Тәттілерді де қойдым. Қантқа байланысты жеуге болмайтын тағамдардың бәрін алып тастадым, – дейді ол.

Кейіпкердің айтуынша, оның 2-ші типті қант диабеті бар. Қазір денсаулығына ерекше мән беріп, физикалық белсенділігін арттырған. Инсулин қолдануды тоқтатқанын да айтады. Алайда мұндай жағдайда дәрі-дәрмек мөлшерін немесе емдеу тәсілін дәрігердің кеңесінсіз өзгертуге болмайды.

Жұмағыз Бимағанбетова блог жүргізуді денсаулығын күтуге ғана емес, алдағы жоспарларына да байланыстырады. Ол шетелге саяхаттап, немерелеріне көмектесетін жағдайға жетуді армандайды. Жұмағыз Бимағанбетова үшін зейнет жасы бұрын кейінге қалдырылған істерге қайта оралатын кезеңге айналған. 

Айта кетейік, бұған дейін, қарттар күніне орай 274 мың адамға 3,8 млрд теңге көмек көрсетілетінін жазған едік.