Қарттар күні қарсаңында елордалық 51 мыңнан астам зейнеткерге материалдық көмек көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жыл сайынғы дәстүр бойынша Қарттар күнін мерекелеу аясында 51 879 мұқтаж зейнеткер жергілікті бюджет есебінен бір реттік ақшалай төлем алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар «Есіл» ауданының Пригородный ауылының 40 зейнеткері, «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының аз қамтылған және жалғызбасты 800 зейнеткері азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Осы күндері елорданың ардагерлер тобының белсенділері, қаланың 680 зейнеткері, соның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек және тыл ардагерлері үшін қайырымдылық түскі астары ұйымдастырылады. Сыйлықтар мен материалдық көмектен бөлек, аз қамтылған және жалғызбасты 20 зейнеткер қатты отынмен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ Қарттар күнін мерекелеу аясында қаланың барлық ұйымдары мен кәсіпорындары еңбек ардагерлерін, ұйымдардың жасы егде тартқан азаматтары мен бұрынғы қызметкерлерін құрметтеп, елорданың азық-түлік дүкендерінде қарттар үшін акциялар өтеді. Онда азық-түлік тауарлары үшін жеңілдіктер жасалады.