Бүгінгі отбасылық қарым-қатынас адамның келешектегі қарттығына әсер етеді — зерттеуші

АСТАНА. KAZINFORM – Бірі қарттар үйін «соңғы аялдама» десе, енді бірі алғаш рет өзін қауіпсіз сезінген жер деп қабылдайды. Бірі балалары бар болса да оларға сүйене алмайды, енді бірі өзгеге ауыртпалық салмас үшін мекемеге өз еркімен келеді. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай қарт адамдардың әлеуметтік оқшаулануын зерттеп жүрген ғалым, PhD, Нархоз университетінің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының ассистент-профессоры Әйгерім Жақыпбекпен Қазақстандағы қарттықтың көп айтыла бермейтін қырлары туралы сөйлестік.

Фото: Kazinform / ЖИ

- Әйгерім ханым, сіз қарт адамдардың әлеуметтік эксклюзиясын бірнеше жыл зерттеп, осы тақырыпта докторлық диссертация қорғадыңыз. Зерттеу барысында көптеген қартпен жеке сөйлестіңіз. Сол сұхбаттардың ішінде Қазақстандағы қарттықтың ең ауыр мәселесін бір адамның тағдыры арқылы көрсеткенқандай кейс есіңізде қалды? Ол адамның оқиғасы сізге нені түсіндірді?

- Бір ғана адамды бөліп айту қиын. Өйткені әр тағдырда бірнеше мәселе бір-бірімен қабаттасып жатады. Дегенмен, зерттеу барысында ерекше есімде қалған үш адамның оқиғасы бар.

Біріншісі – 74 жастағы ата. Ол 1975 жылы отбасын құрып, үш ұл, бір қыз өсірген. Өмір бойы механизатор, жүргізуші болып еңбек еткен. 1994 жылы әйелімен ажырасады. Өзінің айтуынша, әйелінің лауазымды ағасы оған белгілі бір шарт қойған. Ол келіспеген соң, әйелінің туыстары бір түнде отбасын көшіріп әкеткен. Атаны да бірге жүруге шақырған, бірақ ол «Сенің ауылыңа барып күшік күйеу атанатын жағдайым жоқ» деп бас тартқан.

Содан кейін Қапшағайға жұмысқа кетіп, он жылдай сонда тұрған. Жүрегі сыр бере бастаған соң ауылға, інілерінің қасына оралады. Алайда өз отбасы болмағаннан кейін туысының шаңырағында да өзін артық сезінеді. Ақырында баспанасыз адамдарға арналған бейімдеу орталығы арқылы қарттар үйіне келген.

Балалары есейгеннен кейін әкесімен қайта араласа бастаған. Бірақ келіндері «Біз алып кетсек, сіз екеумізге апамыз күн бермейді ғой» деген. Соған қарамастан, ата өзін «ең бақытты адаммын, себебі ұрпағым бар» деп есептейді. Осы кісімен әңгімеде менің есімде ерекше қалған бір сөзі бар. Ол «әдемі қартаю» мен «әдемі өлу» туралы айтып, «әдемі қартаю нәсіп етпеген шығар» деді.

Екінші кейіпкерім – 88 жастағы ата. Ол бала күнінен балалар үйінде өскен. Әкесі соғысқа кетіп, оралмапты. Анасы қайта тұрмысқа шыққаннан кейін төрт жасында балалар үйіне түскен. Кейін мектепті тастап, колхозда еңбек етіп, мәдениет үйінде жұмыс істеген, механик болған.

Жасы ұлғайғанда оның өмірінде тағы бірнеше ауыр жағдай қатар келеді. Әйелі қайтыс болады. Екі ұлы да өмірден өтеді: үлкен ұлы ішімдікке салынып қайтыс болса, кіші ұлы COVID-19 кезінде көз жұмған. Сол уақытта қарияның өзі ауруханада жатқандықтан әрі карантин шектеулеріне байланысты баласын соңғы сапарға шығарып салуға да бара алмаған.

Қыздары әкесін өз қолына алғысы келеді, алайда ол бұған келіспеген. Қызының үйінде тұрса, күндердің күнінде күйеу баласы қызының бетіне бас ма деп ойлаған. Сөйтіп қыздарына білдірмей өзі құжаттарды жинап, қарттар үйіне орналасқан.

Фото: Әйгерім Жақыпбектің жеке мұрағатынан

Үшінші оқиға – 72 жастағы апаның тағдыры. Оның алғашқы некесі алып қашудан басталады. Алты жыл бойы баласы болмаған. «Тумағаным үшін әбден қорлық көрдім. Таяқ жейтінмін» дейді өзі. Оның үстіне айналасындағылар «ешкімі жоқ, кесір әйелдің қызы» деп кемсіткен.

Анасы қайтыс болғаннан кейін үйін сатып, ақшасын банкке салады. Алайда 1990 жылдардағы девальвация кезінде жинағы құнсызданып, баспанасыз қалған. Кейін бес баласы бар жалғызбасты ер адамға тұрмысқа шығып, он бір жыл бойы оның балаларының отбасына көмектесіп, немерелерін баққан. Әр келінінің үйінде бір айдан тұрған ол «кейін аңдасам, мен оларға келін болып келіппін ғой» дейді. Қазір туыстары оны үйлеріне шақырады, бірақ өзі барғысы келмейді. Қарттар үйіне алғаш келген екі-үш жыл бойы жиі көңілі босайды екен. Қазір сол ортаға бейімделіп, мерекелерде бата беретін үлкендердің біріне айналған.

Осы үш тағдыр маған қарттықтағы әлеуметтік эксклюзияның бір күнде және бір ғана себептен пайда болмайтынын көрсетті. Оның бастауы кейде балалық шақтағы жетімдікте, некедегі қорлықта, ажырасуда немесе жақын адамынан айырылуда жатады. Мұндай жағдайлар жылдар бойы бірінің үстіне бірі жиналып, адамның қартайған шағындағы жағдайына әсер етеді.

Тағы бір маңызды нәрсені байқадым: мәселе үнемі кедейлікте немесе туыстың жоқтығында емес. Кейде адамның отбасындағы өз орнын жоғалтуы әлдеқайда ауыр тиеді. Бір ата «күшік күйеу» атанғысы келмеді, екіншісі күйеу баласының үйінде тұруды намыс көрді, ал әлгі әжей өмір бойы қыр соңынан қалмаған «бедеу» деген сөзден қашты. Үшеуінің де туыстары бар. Бірақ қалыптасқан дәстүрлі түсініктер, намыс пен ұят сезімі сол туыстарына сүйенуге мүмкіндік берген жоқ.

Сондықтан қарттар үйіндегі өмірді адамның өмірінің жай ғана «соңғы кезеңі» деп қарауға болмайды. Өмір бойы жинақталған өмір бойы жинақталған теңсіздіктердің бір жерге шоғырланған түрі деп есептеймін.

- Бұрынғы сұхбаттарыңыздың бірінде қарттар үйіндегі адамдардың өзара да жақын араласа бермейтінін айттыңыз. Адамның айналасында ондаған адам болғанымен, ол әлеуметтік тұрғыдан жалғыз болуы мүмкін. Зерттеуіңізде сырттай қарағанда жағдайы жақсы – балалары бар, баспанасы бар, материалдық мәселесі жоқ, бірақ іс жүзінде әлеуметтік оқшауланған қарттарды кездестірдіңіз бе? Ондай оқшаулану неден байқалады?

- Қарттар үйін кейде фильмдегідей құрдастар бір жерде тұрып, бос уақытын бірге өткізетін жайлы орта ретінде елестетеміз. Ал біздің жағдайда оған келетін адамдардың өмір жолы да, әлеуметтік жағдайы да, құндылықтары да әртүрлі.

Бір адам баспанасыз қалып, бейімдеу орталығы арқылы келеді. Екіншісінің жоғары білімі бар, өмір бойы еңбек еткен, бірақ қартайғанда ажырасудың салдарымен бетпе-бет қалады. Тағы бірі өмір бойы жұмысын, қызметін, қоғамдағы абыройын бірінші орынға қойған. Зейнетке шыққан соң сол әлеуметтік мәртебесінен айырылып, кезінде балаларына аз уақыт бөлгенінің салдарынан олармен қарым-қатынасы да әлсіреген. Біреу мектепті де аяқтамаған, қара жұмыспен айналысып, қарттығына жеткілікті қаражат жинай алмаған. Ал енді біреуінің өз баспанасы бар, бірақ күнделікті тұрмыста өзіне-өзі көмектесе алмайды.

Осындай өмір жолы мен дүниетанымы әртүрлі адамдар бір бөлмеде тұруы мүмкін. Оның үстіне мекемеде қарттармен бірге мүгедектігі бар адамдар, тілі мен менталитеті бөлек тұрғындар да болады. Сондықтан олардың бір-бірімен міндетті түрде жақын араласып кете бермейтіні түсінікті. Кейбірі «кез келген адаммен араласқанша, ешкіммен араласпаған артық» деген ұстанымды таңдайды. Тіпті жылдар бойы көрші тұрып, бір-бірінің атын білмейтін адамдар кездеседі.

Ал сіз айтып отырған сырттай жағдайы жақсы көрінетін қарттарға келсек, мұндай адамдар аз емес. Үйі бар, зейнетақысы жеткілікті, балалары мен немерелері бар. Сырттай қарағанда бәрі жақсы сияқты. Бірақ әлеуметтік оқшаулану әрдайым ақшаның немесе баспананың жоқтығынан туындамайды. Көбіне мәселе қарым-қатынастың сапасында.

Біріншіден, туыстарымен байланысы бар болғанымен, ол қарым-қатынас біртіндеп материалдық көмекке немесе міндетке ғана құрылуы мүмкін. Қарт адам отбасының ішінде өзі көмек алатын емес, керісінше, үнемі көмек беруге тиіс адам болып қала береді.

Екіншіден, балалары бар, бірақ оларға сене алмайды. Кейбір қарттар мекемеге алғаш келгенде «ешкімім жоқ» дейді. Кейін балалары бар екені белгілі болады. Меніңше, мұны өтірік деп қабылдауға болмайды. Өйткені адам өзінің туыстары бар екенін біледі, бірақ қиын жағдайда оларға арқа сүйей алмайтынын да түсінеді. Сондықтан оның түсінігіндегі «ешкімім жоқ» деген сөз туыстың мүлде жоқтығын емес, сүйенетін адамның жоқтығын білдіруі мүмкін.

Үшіншіден, баласымен бір шаңырақта тұрып та жалғыз қалуға болады. Балалары жұмыста, немерелері оқуда жүреді. Ал ауылдан қалаға көшіп келген қарт үшін жаңа орта бөтен болуы мүмкін. Бұрынғы көршілері, араласатын ортасы, күнделікті тіршілігі артта қалады. Осылайша, отбасының ортасында жүрген адамның өзі күні бойы жалғыз отырады.

Төртіншіден, ұят ұғымы. Көп қарт үшін біреудің қолына қарап отыру, өзін «артық адам» сезіну – ең ауыр сезімдердің бірі. Сондықтан олар туыстары шақырса да бармай, мекемеде қалуды таңдайды.

Бесіншіден, байланыс құралы көбейгенімен, эмоционалдық жақындық азаюы мүмкін. Телефон, мессенджер немесе бейнеқоңырау арадағы қашықтықты қысқартады, бірақ сағынышты баса алмайды. Ұлттық зерттеулерде де балаларымен қарым-қатынасын жылы деп бағалайтын қарттардың үлесі артқаны, ал балаларынан күнделікті көмек алатындардың азайғаны байқалады. Хабарласу, сөйлесу, жылы сөз айту бар, бірақ күнделікті жанында болып, нақты қолдау көрсететін адам азайып барады.

Сондықтан мен жалғыздықты адамның айналасында қанша адам бар екенімен өлшемес едім. Негізгі мәселе – оның сөйлесетін, қажет кезде сүйенетін және жанында өзін қажет сезінетін адамы бар ма деген сұрақ.

Қарттар үйі адамды баспанамен, тамақпен, медициналық және тұрмыстық күтіммен қамтамасыз ете алады. Бірақ мұның бәрі әлеуметтік байланыстың орнын толтыра алмайды. Сондықтан адамның базалық қажеттіліктері толық қамтамасыз етілгеннің өзінде әлеуметтік жалғыздық сақталуы, кей жағдайда тіпті тереңдеуі мүмкін.

- Сіз қарттар үйінде ер адамдардың көбірек кездесетінін және олардың кейбірі қартайған кезде өзіне күтім жасау мен әлеуметтік байланыстарды сақтауда осал болып қалатынын айтқансыз. Бұл үрдіс бүгінгі орта жастағы ер адамдардың болашақта қандай мәселелерге тап болуы мүмкін екенін көрсетпей ме? Қазіргі орта жастағы адамның отбасы құруы, ажырасуы, балаларымен қарым-қатынасы оның 20–30 жылдан кейін қалай қартаятынын қазірден анықтап жатыр ма? Нақты кейстеріңізде мұндай байланысты көрдіңіз бе?

- Иә, менің зерттеуім бұл байланысты анық көрсетеді. Мен оны өмір жолы тәсілі арқылы түсіндіремін: ерте және орта жастағы қиындықтар жойылып кетпейді, керісінше, жинақталып, қартайған шақта күшейе түседі.

Біріншіден, ер адамның күнделікті тұрмысы көбіне әйеліне тәуелді болады. Әйелдер туыстармен, көршілермен байланысты ұстап тұрады, ал ерлердің әлеуметтік ортасы көбіне еңбек ұжымы мен отбасының тар шеңберіне байланған. Сондықтан зейнетке шығу мен әйелінен айырылу ер адамның әлеуметтік ортасын күрт тарылтады. Менің кейстерімде де жұбайынан айырылу ер адамдардың өміріндегі басты бетбұрыстардың бірі болды.

Екіншіден, ажырасқаннан кейін балалар көбіне анасымен қалады, ал әкесімен байланыс ананың ықпалына тәуелді болуы мүмкін. Мысалы, сұхбат басында атап өткен 74 жастағы қарияның балалары есейгеннен кейін әкесімен қайта араласа бастаған. Бірақ келіндері енесінің көңіліне келеді деп санағандықтан, оны үйге ала алмайтынын айтқан. Ал 78 жастағы ата бірінші әйелінен туған қызымен араласпайды, оны тек әлеуметтік желіден көреді. Өзі ажырасуды өміріндегі басты қателігі деп есептейді.

Үшіншіден, мәдени нормалар ер адамның таңдауын тарылтады. Ер информанттар «күйеу баланың қолына бармайтынын» бірнеше рет айтты. 76 жастағы ақын ата «Ұл бала болмағаннан кейін, кемпірім қыздың қолына кетті. Біздің қазақтың менталитеті бойынша, күйеу баланың қолына бармайды. Біреуге тәуелді болғанша, мемлекетке тәуелді болайын деп, осы жерге келдім» дейді. Тағы бір ата «Сенің ауылыңа барып күшік күйеу атанатын жағдайым жоқ» деп әйелінің туыстарына ермеген.

Фото: Әйгерім Жақыпбектің жеке мұрағатынан

Осылайша, ер адам үшін қартайған шақтағы қолжетімді күтім көзі көбіне ұлы мен келінінің үйі болып қалады. Ал ұлы болмаса, қайтыс болса немесе алыста тұрса, мұндай мүмкіндік те жоғалады.

Сондықтан сіздің сұрағыңызға жауабым – иә. Бүгінгі ажырасу, балалармен қарым-қатынас, ішімдік, тұрақсыз жұмыс, «тұрмыстық мүгедектік» 20–30 жылдан кейінгі қарттықтың сипатына әсер етеді. Мысалы, бір кейіпкеріміз алғашқы некесінде баласы болмаған соң ішімдікке салынып, ажырасқан, кейін бес рет үйленген. Аралдан келген тағы бір қария да кезінде ішімдікке салынып, туыстарымен төбелескен кездері болғанын жасырмайды.

Сондықтан ер адамдар үшін қарттыққа дайындық тек зейнетақы жинаумен шектелмейді. Отбасымен және балаларымен қарым-қатынасты сақтау да болашақтағы қарттықтың қалай өтетініне әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

- Зерттеуіңізде ауылдағы кей респондент қарттық 50 жастан басталады десе, қала тұрғындары оны 70 жастан кейінгі кезеңмен байланыстырған. Бір елдің ішінде мұндай үлкен айырмашылықтың болуының себебі неде? Неліктен ауыл тұрғындары өздерін қаладағы адамдарға қарағанда ертерек қарт санайды?

- Шымкент пен Түркістан облысында жүргізілген сұхбаттар қала мен ауыл тұрғындарының қарттықты қабылдауында елеулі айырмашылық барын көрсетті. Қала тұрғындары қарттықтың басталуын көбіне 65-70 жаспен байланыстырса, ауыл тұрғындары өзін 50-55 жастан бастап қарт сезінетінін айтқан. Осылайша, бір өңірдің өзінде бұл көрсеткіш бойынша 10-15 жылға дейін айырмашылық бар.

Мен мұны қарттықтың тек биологиялық немесе хронологиялық жаспен емес, әлеуметтік теңсіздікпен байланысты да қалыптасатынының бір көрінісі деп есептеймін. Сондықтан диссертациямда қарттық кезеңін 55 жастан бастап қарастырдым.

Сұхбатқа қатысушылар мұның бірнеше себебін атады. Біріншісі – ауыр физикалық еңбек, созылмалы шаршау мен күйзеліс. Екіншісі – медициналық көмектің қолжетімділігі. Ауылдық жерлерде дәрігер тапшы, емхана алыс болуы мүмкін, стоматологиялық қызмет көбіне аудан орталығында ғана бар. Оған қоғамдық көліктің сирек жүруі, дәрі-дәрмектің қымбаттығы және аурудың кеш анықталуы қосылады. Үшінші себеп – жастардың қалаға немесе шетелге көшуі. Соның салдарынан егде жастағы адамдарға күнделікті көмектесетін жақындарының қатары азаяды.

Ауылда қарттықты білдіретін өзіндік мәдени белгілер де бар. Тұрғындар оны тістің ерте түсуі, дененің әлсіреуі, «ұзын көйлек кию» секілді сыртқы өзгерістермен, немерелердің көбеюі және ата-әжелік міндеттердің артуымен байланыстырады. Мәселен, тістің түсуі тек физиологиялық өзгеріс емес. Ол адамның өзіне деген сеніміне әсер етіп, ортада өзін жайсыз сезінуіне әкелуі мүмкін. Сөйлеу мен тамақтанудың қиындауы да адамның қоғамдық ортадан біртіндеп шеттеуіне ықпал етеді.

Зерттеуде гендерлік айырмашылық та байқалды. Әйелдердің 50-55 жастан бастап өзін қарт сезінуі үй шаруасының ауыртпалығымен, отбасы мүшелеріне үнемі қамқорлық жасаумен, эмоционалдық қажумен және денсаулықтың ерте нашарлауымен байланысты. Ғылыми әдебиетте мұны «үштік жүктеме» деп сипаттайды: үй еңбегі, күтім және эмоционалдық еңбек.

Сондықтан ауыл тұрғынының өзін ерте қарт сезінуін тек адамның жеке қабылдауы деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл – денсаулық, инфрақұрылым және мүмкіндіктер теңсіздігінің бір көрінісі.

- Сіз «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын оң бастама деп бағалайсыз, бірақ ең осал қарттар – үйден шыға алмайтын, жалғыз тұратын, ауылдағы адамдар – мұндай бағдарламалардан тыс қалатынын да айттыңыз. Сонда қазіргі жүйеде парадокс жоқ па: мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді көбіне онсыз да белсенді қарттар пайдаланып, әлеуметтік оқшаулануы ең жоғары адамдарға көмек жетпей қалады. Осы мәселені қалай шешуге болады?

- «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының жұмысын жоғары бағалаймын. Бұл – қарт адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нәтижелі бастамалардың бірі. Орталықтардың саны көбейіп, көрсетілетін қызмет сапасы да артып келеді. Дегенмен оларды қарт адамдардың барлық мәселесін шешетін жалғыз мекеме деп қарастыруға болмайды. Қарттардың әлеуметтік оқшаулануын азайтуға бағытталған басқа да әлеуметтік қызметтер мен мекемелерді дамыту қажет. Өйткені бір ғана мекеме барлық мәселені шеше алмайды.

Ғылыми жұмысымда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының өңірлерде біркелкі дамымағанын атап өттім. Ірі қалаларда инфрақұрылым жақсы дамып, бағдарламалар ауқымды жүргізілсе, ауылдық және шалғай елді мекендерде мұндай қызметтердің мүмкіндігі шектеулі.

Тағы бір мәселе – әлеуметтік бағдарламалардың нәтижесі көбіне сандық көрсеткіштер арқылы бағаланады: қанша адам қызмет алды, қанша іс-шара ұйымдастырылды деген секілді. Мұндай жағдайда көрсеткіштер жоғары болғанымен, қарт адамдардың әлеуметтік оқшаулануы азаймауы мүмкін.

Сондықтан бағалау жүйесіне теңдік критерийін енгізуді ұсынамын. «Қызмет кімдерге жетті, ал кімдер әлі де одан тыс қалып отыр?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Мысалы, күндізгі орталықтар, цифрлық сауат ашу курстары мен смарт-құрылғылар шалғай ауылда тұратын, табысы төмен, қозғалысы шектеулі немесе тілдік кедергіге тап болатын қарттарға қаншалықты қолжетімді? Әлде мұндай мүмкіндіктер негізінен денсаулығында айтарлықтай шектеуі жоқ қала тұрғындарын ғана қамти ма?

Нәтижені бағалау тәсілін де өзгерту қажет. Мәселен, жалғыз тұратын және әлеуметтік байланысы аз қарттардың үлесі төмендеді ме? Қарт адамдарды қажеттілік болмаса да арнайы мекемелерге орналастыру азайды ма? Олардың қоғам мен жергілікті қауымдастық өміріне араласуы артты ма? Негізгі нәтиже осындай өзгерістер арқылы бағалануы керек.

Ғылыми жұмысымда осы мәселелерді шешуге бағытталған екі тәсіл ұсындым. Біріншісі – «Әлеуметтік ресурс орталығы». Бұл аудан немесе қала деңгейінде жұмыс істейтін үйлестіруші орталық. Оның міндеті – қарт адамның нақты қажеттілігін анықтап, тиісті қызметтерге бағыттау және әр адамға қажет көмекті жеке ұйымдастыру.

Екіншісі – «Әлеуметтік ауыл» тәсілі. Оның басты қағидаты – қарт адамды белгілі бір мекемеге шақыру емес, өзі тұратын ортада белсенді өмір сүруіне жағдай жасау. Ол үшін жаңа ғимарат салудың қажеті жоқ. Ауылдағы мәдениет үйі немесе кітапхана қарттардың кездесіп, араласатын орнына айнала алады.

Әр ауылда жергілікті үйлестіруші болуы мүмкін. Бұл әлеуметтік қызметкер, мұғалім немесе белсенді тұрғын болуы ықтимал. Алғашқы қадам ретінде ауылдың әлеуметтік картасы жасалып, онда қанша қарт адам тұратыны және әрқайсысына қандай көмек қажет екені анықталады. Жалғыз тұратын және көмекке мұқтаж қарттарға арналған өзара қолдау желісі құрылып, WhatsApp топтары мен телефон арқылы тұрақты байланыс орнатылады. Бұл жұмысқа мектеп оқушылары мен студенттерді де ерікті ретінде тартуға болады.

- Сіз бұрын қазақ қоғамында қарт адамды «ақсақал», «әже», «немере бағушы» рөлінде романтизациялау оның жеке қажеттіліктерін көлеңкеде қалдыруы мүмкін деген ой айттыңыз. Зерттеу барысында отбасының «қамқорлығы» керісінше қарт адамның еркіндігін шектейтін жағдайларды кездестірдіңіз бе? Мысалы, қайда баруы, ақшасын қалай жұмсауы, кіммен араласуы немесе жеке өміріне қатысты шешімдерді балалары қабылдайтын кейстер болды ма? Қамқорлық пен бақылаудың шекарасы қай жерде түйіседі?

- Менің зерттеуімнің нәтижелері бұл мәселеге басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Кей жағдайларда отбасы мен туыстардың «қамқорлығы» қарт адамның еркіндігін шектейді. Бірақ бұл көбіне балалардың тікелей бақылауы емес, отбасылық қалыптасқан нормалар мен «ел не дейді?» деген қоғамдық қысым арқылы көрінеді.

Мысалы, 72 жастағы қазақ апа екінші рет тұрмысқа шығып, өзінен 12 жас үлкен, бес баласы бар, жұбайы қайтыс болған ер адаммен отбасын құрған. Он бір жыл бойы бес үйдің баласын кезекпен бағып, әр баланың үйінде бір айдан тұрған. Кейін ол күйеуіне бөлек тұруды ұсынады. Алайда жолдасы «кемпірдің артынан кетіп қалды деп халқым күледі» деп келіспеген. Бұл жағдайда әйелдің өз қалауы мен мүддесінен ер адамның ел алдындағы беделі маңыздырақ болған.

Қарт адамның дербестігіне қатысты тағы бір мәселе – қаржы. Арнайы мекемеде тоғыз жыл тұрған апаның айтуынша, бұрын кейбір қарттардың зейнетақысын туыстары өздері алып кететін жағдайлар болған. Оның айтуынша, қазір қарттар зейнетақысын өздері алатындықтан, мұндай жағдайлар азайған.

Зерттеу барысында назар аудартқан тағы бір жайт – кейбір қарттардың арнайы мекемеге көшу туралы шешімін балаларынан жасырын қабылдауы. Мәселен, 81 жастағы апа қажетті құжаттарын туыстарына білдірмей жинаған. 88 жастағы ата да құжаттарын қыздарына айтпай рәсімдеген. Бұл олардың отбасы мұндай шешімге қарсы шығуы мүмкін екенін алдын ала білгенін көрсетеді.

Мұндағы негізгі себептердің бірі – «ұят» ұғымы. Туыстары «елден ұят болмасын» деп қарт адамды үйге шақырады. Ал қарт адамның өзі «балаларыма ауыртпалық болмайын, ұят болмасын» деп, олардың үйіне барудан бас тартады. Осылайша бір ұғым екі тарап үшін екі түрлі мағынаға ие болып, олардың арасында қайшылық туындайды.

Менің зерттеуім бойынша, қамқорлық пен бақылаудың арасындағы шекараны шешімді кім қабылдайтыны арқылы ажыратуға болады. Егер қарт адам отбасы ішінде өзін «артық адам» сезінсе, оның рөлі мен пікірі ескерілмесе, өз өміріне қатысты шешім қабылдау құқығы шектелсе, бұл символдық эксклюзияның белгілерінің бірі саналады.

Қамқорлық адамның таңдау мүмкіндігін кеңейтсе, бақылау, керісінше, оны тарылтады. «Ақсақал», «әже» деген рөлдер қоғамда құрметке ие. Бірақ сол рөлдердің артында өз қалауы, пікірі мен таңдау құқығы бар жеке адам тұрғанын ұмытпауымыз керек.

- Қарттар үйіндегі сұхбаттарыңызда бір адам оны «өлім күтетін жер», екіншісі «тыныштық табатын жер» деп сипаттаған. Бір мекемеде тұратын адамдардың оны осыншама қарама-қайшы қабылдауына не әсер етеді? Жалпы сіз кездескен қарттардың өмірінің соңғы кезеңіне қатысты ең үлкен қорқынышы не болды: өлімнің өзі ме, жалғыз қалу ма, біреуге тәуелді болу ма, әлде ешкімге қажет болмай қалу ма?

- Бір мекемені адамдардың әртүрлі қабылдауына олардың оған дейінгі өмір жолы мен бұл жерге қандай жағдайда келгені әсер етеді.

Мәселен, қарттар үйін «тыныштық табатын жер» деп сипаттаған 72 жастағы апа бірінші некесінде бала көтере алмағаны үшін қорлық көрген. Екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін өгей балаларының үйінде «келін» болып, немере баққан. Сондықтан ол үшін қарттар үйі – алғаш рет өзін қауіпсіз әрі еркін сезінген орын. «Ешкім саған бір нәрсе демейді, жаман сөз айтпайды. Ешкім сенің көңіліңе тимейді» дейді ол.

Баспанасыз адамдарға арналған бейімдеу орталығынан келгендер де қарттар үйіне басқаша қарайды. Олар үшін мұнда келу тұрмыс жағдайының жақсарып, әлеуметтік мәртебесінің өзгеруі ретінде қабылданады. Информанттардың бірі мұны «здесь сразу статус другой» деп сипаттаған.

Ал 76 жастағы ақын ата үшін қарттар үйінің мағынасы мүлде басқа. Ол бұл жерді өмірдің «соңғы аялдамасы» деп қабылдайды: «Бала-шағасының алдында отыр ғой [нормальный адам], бұл жерде «нормальный» адам жоқ. Өлуге келгендер ғой. Өмірдің соңғы аялдамасы, финиш». Бір қызығы, ол мекемеге өз еркімен келген.

Демек адамның қарттар үйіне өзі келуі оның бұл ортаны міндетті түрде жақсы қабылдайтынын білдірмейді. Мұнда қарттық туралы қоғамда қалыптасқан түсініктің де ықпалы бар.

Зерттеуде мұны «әдемі қартаю» ұғымы арқылы байқауға болады. Информанттардың бірі: «Әдемі қартаю – бала-шағаңның, немерелеріңнің алдында ойнап-күліп өткен өмір. Әдемі өлу – туған-туысқанның, балалардың алдында өліп, оң жаққа жатып, аруланып жер қойнына тапсырылу», – деп түсіндірген.

Адамның санасындағы осындай қарттық үлгісі мен мекемедегі өмірдің арасындағы айырмашылық неғұрлым үлкен болса, қарттар үйін «соңғы аялдама» ретінде қабылдау да соғұрлым күшейеді.

Мекемеге бейімделуге жаңа ортада өз рөлін табу да әсер етеді. Мысалы, жоғарыда айтылған 72 жастағы апа алғашқы екі-үш жыл өзін мұндағы өмірге «дайын емеспін» деп сезінген. Үшінші жылы мерекелік шаралардың бірінде алғаш рет камера алдында сөз сөйлейді. Кейін мерекелерде бата беріп, Наурызда кимешек киіп шығатын белсенді тұрғындардың біріне айналған. Оның жаңа ортаға бейімделуі осындай жаңа рөл табудан басталған.

Ал қарттардың қорқынышына келсек, сұхбатқа қатысқандардың көбі өлім туралы сабырмен айтқан. Олардың басты тілегі – «қиналмай кету». Көпшілігі үшін ең үлкен қорқыныш өлімнің өзі емес, өзгеге тәуелді болып қалу. Ал төсек тартып жатқан адамдар орналасатын бөлім тұрғындар үшін өмірдің соңғы кезеңінің символына айналған. Сондықтан олардың көбі «соған жеткізбесе екен» деп тілейді.

Тағы бір қорқыныш – өзгеге ауыртпалық болу. Кейбір қарттар үшін «ұят» ұғымы да осыған байланысты: біреудің көмегіне толық тәуелді болып, қолына қарап қалғысы келмейді. Сол 78 жастағы апа: «Ең қорқыныштысы – жалғыздық пен ауру боп қалу», – дейді.

Жалғыз қалудан қорқу да қарттар үйіне келуге себеп болуы мүмкін. Мәселен, ауылда жалғыз тұрған қария «Ауырып қалсам кім қарайды? Есігімді кім ашады?» деген алаңдаушылықпен мекемеге орналасқан.

Бұған қоса, кейбір қарттарды өмірінің соңында туыстарының жанында болмау, дәстүрге сай жерленбеу мәселесі алаңдатады. Бұл да олардың «әдемі өлу» туралы түсінігімен байланысты. Зерттеу деректеріне сүйенсек, қарт адамдар үшін негізгі қорқыныш – өзгеге тәуелді болу және ауыртпалық түсіру. Одан кейін ешкімге қажет болмай қалу мен жалғыздық мәселесі тұр.

- Сіз зерттеуді бастаған кезде қарттық туралы өзіңізде де белгілі бір түсінік болған шығар. Бірнеше жыл бойы отбасында тұратын, жалғыз тұратын, белсенді ұзақ өмір сүру орталығына баратын және қарттар үйіндегі адамдарды зерттегеннен кейін өзіңіздің «жақсы қарттық» туралы түсінігіңіз қалай өзгерді? Қазір өз қарттығыңыз үшін нені бүгіннен бастап қалыптастыру керек деп ойлайсыз?

- Зерттеу менің «жақсы қарттық» туралы түсінігімді біраз өзгертті. Біріншіден, информанттардың басым көпшілігі идеалды қарттықты бала-шаға мен немерелердің ортасында өткізумен байланыстырды. Бірақ зерттеу барысында балалары бола тұра жалғыз қалған адамдарды да, керісінше, баласы болмаса да өмірінің мәнін басқа ортадан тапқан адамдарды да кездестірдім.

Мысалы, 34 жасында мекемеге келіп, отыз жылдан астам уақыт сонда тұрып келе жатқан апа кесте тігеді, өлең жазады, кітап құрастырады. Ол: «Осы жерде өзімді алғаш рет жеке тұлға ретінде, қолынан бірнәрсе келетін, адамдарға қуаныш сыйлай алатын адам ретінде сезіндім», - дейді.

Екіншісі - адамның өз рөлін және өмірінің мәнін жоғалтпауы. Мекеме психологы да бұрынғы рөлдер аяқталып, оның орнына жаңасы қалыптаспаса, адам өзін ешкімге қажетсіз сезіне бастайтынын айтады. Отыз жыл медбике болып жұмыс істеген әжейдің: «Қазір өмірімізде еш мән қалған жоқ, тамақ ішесің, сосын ұйықтайсың», - деген сөзі осыны көрсетеді.

Ал өлең жазып, мүшәйраларға қатысатын ақын қария немесе әлеуметтік желіде 500-ге жуық оқырманы бар тағы бір қария мекемеде тұрса да, қоғаммен байланысын және өз рөлін сақтап қалған. Eldergram медиакейстері де қарт адамдар үшін өзін пайдалы сезіну өмір мәнінің маңызды бөлігі екенін көрсетті.

Тағы бір маңызды мәселе – дербестік. Информанттардың көбі өзгеге тәуелді болып қалмау үшін мекемеге өздері келгенін айтты. Бірақ зейнетақысы аз, жеке баспанасы жоқ немесе баспанасын балаларына беріп қойған адамның таңдау мүмкіндігі шектеулі. Көбіне оның алдында балаларының үйінде тұру немесе мекемеге орналасу деген екі-ақ таңдау қалады.

Сондықтан қазір мен жақсы қарттықты тек бала-шағаның ортасында отырумен байланыстырмас едім. Оған бүгіннен бастап дайындалу керек деп ойлаймын. Отбасынан бөлек достар мен араласатын орта қалыптастыру, жұмыстан кейін де жалғастыра алатын сүйікті ісіңнің болуы, қаржылық дербестік пен өз баспанаңды сақтау, денсаулыққа көңіл бөлу және цифрлық дағдыларды меңгеру маңызды.

Ең бастысы – балалармен және кейінгі ұрпақпен байланысты бүгіннен қалыптастыру. Өйткені жақсы қарым-қатынас та қарттыққа бір күнде келмейді. Ол да жылдар бойы жинақталатын әлеуметтік капитал.

Сұхбатыңыз үшін көп рақмет!