Қарттарға қамқорлық - мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі
Жалпы қазақ табиғатынан үлкенді қадір тұтып, құрметтеген халық. Сондықтан да қазақ қоғамында қарияларға деген қамқорлық қашан да ерекше болған. Бүгінде елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету - мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осының айқын дәлелі ретінде биылғы жылы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттердің бірі зейнеткерлердің зейнетақылары 25 пайызға ұлғайтылды. Сөйтіп елдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 18 мың 325 теңгені, ал зейнетақының орташа мөлшері 27 мың 436, жоғары мөлшер 39 мың 893 теңгені құрады. Бұған қоса 2010 жылдан бастап елде мүгедектікпен байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен жеңілдіктердің орнына берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері артты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, мүгедектігінің деңгейіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі 11 мың 64 теңгеден 31 мың 250 теңгеге дейін жетеді. Ал қамқоршысынан айырылғандығына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері 9 мың 868-ден 24 мың 73 теңгеге дейінгі аралықта. Сондай-ақ жасына байланысты берілетін жәрдемақы 7 мың 476 теңгені құрайды. Осылайша қазір еліміз бойынша мемлекет есебінен берілетін зейнетақылық және әлеуметтік төлемдерді 1,7 миллион зейнеткер мен 659 мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етілетіндер алады. Бұған 2010 жылы бюджеттен 554 миллиард теңге қарастырылып отыр. Соңғы 10 жыл ішінде бюджеттен зейнетақыға бөлінетін қаржы көлемі 5,5 есеге артты.
Тағы сол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны елде 1 миллионнан астам адамды құрайды екен. Олардың арасында Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің иегерлері, 3-ші дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері, құрбан болған жауынгерлердің әйелдері мен құрбан болған әскери азаматтардың отбасылары, саяси қуғын-сүргін құрбандары, барлық топтағы мүгедектер, еңбегі сіңген зейнеткерлер, көпбалалы аналар және тағы басқалар бар.
Биылғы жылы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін, сондай-ақ 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлерінің мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылары 3,9-дан 6,0 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды. Бұған қоса жақында «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін беру шарттары өзгертіліп, «Алтын алқа» 10-нан 7-ге дейін бала тапқан аналарға, ал «Күміс алқа» 8-ден 6-ға дейін балалы аналарға беріледі. Қарттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек бұл ғана емес. Себебі келесі жылдың қаңтар айынан бастап, зейнетақыны тағы 30 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі өмір сүру көрсеткішінен 50 пайызға төмен, немесе оның мөлшері 8 мың теңге болады. Ал мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың көлемі жыл сайын шамамен 9 пайызға артып отырады.
Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде жан аямай күрескен немесе еңбек еткен азаматтардың ерлігі қашан да сый-құрметке лайықты. Осыған қарай биыл Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге және ардагерлерге құрмет көрсетуге мемлекеттен 5 миллиард теңге бөлінді. 300 мыңнан астам ардагерге 10 мыңнан 65 мың теңгеге дейінгі аралықта бір мезгілдік материалдық көмек көрсетілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен батырларына және оған қатысушыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ұлғайды. 202 ардагер Астана мен Мәскеуде жеңістің 65 жылдығын атап өтумен байланысты шараларға қатысуға мүмкіндік алды. Бұған қоса биылғы жылы ардагерлер қоғамдық, теміржол және әуе көліктерін тегін пайдалана отырып еліміздің аймақтарына немесе ТМД-ға мүше мемлекеттерге барып қайтуға құқылы. Бұл мақсатқа биыл мемлекеттен 297 миллион теңге бөлінді. Қарттар мәселесінен еліміздің бизнес саласы мен азаматтық қоғам өкілдері де тыс қалған емес. Осыған байланысты қазір жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне қарай, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шарасы аясында ардагерлерге қосымша көмек көрсету үшін 10 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл көмектердің ішіне ардагерлерге тұрғын үй беру, жеңілдетілген түрде жолақы төлеу, санаторилерде демалу, коммуналдық төлемдерді жеңілдікпен төлеу сияқты өзге де бірқатар шаралар кіреді. Осы кезде елімізде қарттарға көрсетілетін медициналық көмектің де жеңілдіктері арта түсуде. Бүгінде ерекше назарды қажет ететін азаматтарға медициналық-әлеуметтік мекемелерде көмек көрсетіледі. Қазір олардың арасындағы кең тарағандары әсіресе интернат үйлері болып табылады. Осы уақытта елімізде осындай 49 мемлекеттік, 7 жеке меншіктегі интернат үйлері жұмыс істейді. Онда 6 мыңнан астам қарттар мен мүгедектер өмір сүруде.
Бұған қоса елде 30 мыңнан астам егде тартқан азаматтар мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсететін бөлімшелер қызмет етеді. Арнайы әлеуметтік көмектің сапасын арттыру әлеуметтік көмек көрсетудің стандарттары негізінде және көрсетілетін қызметтердің саны мен олардың қолжетімділігін арттыру негізінде жүзеге асырылуда. Үкімет кепілдендірілген арнайы әлеуметтік қызметтердің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып отырады. Осы уақытта материалдық қиындық көріп отырған зейнеткерлерге қол ұшын созу шаралары қолға алынуда. Осының барлығы да қарттар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған игілікті істер. Болашағын ойлайтын, азаматтарын қадірлей білетін қоғам үшін бұл игіліктер қашанда ұдайы назарда болып, дамып жетіліп отыруы тиіс. Үлкен тұрып, кіші сөйлеуден безген қазақ үшін қарттардың орны қашанда ерекше болған және болып та қала бермек. Өйткені қарт адам қашанда шежіреші, үлгі-өнегенің, тәлім-тәрбиенің, көрегендіктің қамқоршысы. Қарияң тұрғанда ақыл-ойың да тәжірибең де, сана сезімің де кем болмайды. Ал бұл мемлекет құру үшін қажетті, ең асыл қасиеттердің бірі. Ендеше қарттарымыз қашанда аман-сау жүрсін деп тілейік.