Бес жылда науқастар саны 5,5 есеге жуық артқан
Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабына сәйкес, 2021 жылы елімізде Альцгеймер диагнозымен 677 адам есепте тұрған. 2022 жылы олардың саны 1 559-ға, 2023 жылы 2 279-ға, 2024 жылы 2 992-ге жеткен. Ал 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 3 706 адамды құрады.
Осылайша, бес жылда тіркелген науқастар саны шамамен 5,5 есе көбейген. Дегенмен бұл аурудың өзі дәл осынша есе жиі кездесетін болды дегенді білдірмейді. Министрлік көрсеткіштің өсуін Альцгеймерді анықтау мүмкіндігінің жақсаруымен байланыстырады.
Ведомство мәліметінше, есепте тұрғандардың 742-сі – 65 жасқа толмаған адамдар. Демек, Альцгеймер тек егде жастағыларға ғана тән ауру емес.
Альцгеймер – деменцияға әкелетін аурулардың ең жиі кездесетіні. Деменция кезінде адамның есте сақтау, ойлау және күнделікті тіршілігін өз бетінше атқару қабілеті нашарлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, деменция жағдайларының шамамен 60–70 пайызы Альцгеймермен байланысты.
Ұмытшақтықтың бәрі Альцгеймер емес
Кез келген ұмытшақтықты аурудың белгісі деуге болмайды. Адам шаршағанда, ұйқысы қанбағанда немесе күйзеліске түскенде де кей нәрселерді ұмытып қалуы мүмкін. Бірақ есте сақтау қабілеті нашарлап, күнделікті тіршілікке кедергі келтірсе, оның себебін анықтаған жөн.
Астана қаласындағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың неврология және оңалту бөлімінің меңгерушісі Шынар Айтжанова қарапайым ұмытшақтық пен Альцгеймер ауруының айырмасын түсіндірді.
– Адам затын қайда қойғанын ұмытып, кейін есіне түсіруі мүмкін. Бұл міндетті түрде аурудың белгісі емес. Ал Альцгеймер кезінде жақында болған әңгімені мүлдем ұмытып, бір сұрақты қайта-қайта қоюы мүмкін, – дейді невролог.
Альцгеймермен шатастыруға болатын жағдайлардың бірі – депрессия.
Астана қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары, психиатр Алмагүл Айтжанованың айтуынша, депрессия кезінде де адамның жады нашарлап, деменцияға ұқсас белгілер пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайды медицинада псевдодеменция деп атайды.
– Депрессияға түскен немесе қатты күйзелген адам көбіне «бәрін ұмытып жүрмін» деп өзі шағымданады. Бір нәрсені есіне түсіре алмаса, біреу еске салғанда «иә, дұрыс, есіме түсті» деуі мүмкін. Ал депрессияны емдеп, ұйқысын реттеген соң есте сақтау қабілеті де жақсаруы мүмкін, – дейді психиатр.
Ал Альцгеймермен ауыратын адам өзіндегі өзгерістерді байқамауы да мүмкін. Мәселен, таңертең не жегенін ұмытып, бала кезіндегі оқиғаларды жақсы айтып береді. Кейде әмиянын тоңазытқышқа салып қойып, кейін оны қайдан іздерін білмейді.
Психиатр екі жағдайдың айырмасын шай дайындау мысалымен түсіндірді.
– Депрессияға түскен адамның төсектен тұрғысы келмеуі мүмкін. Бірақ орнынан тұрса, шайын дайындай алады. Ал Альцгеймермен ауыратын адам төсектен тұрады, бірақ шайды қалай дайындау керегін, неден бастау қажет екенін білмей қалады, – дейді дәрігер.
Әрине, мұндай белгілердің өзі диагноз қоюға жеткіліксіз. Оның үстіне депрессия мен Альцгеймер қатар кездесуі де мүмкін. Сондықтан ұмытшақтықтың нақты себебін дәрігер анықтайды.
Сараңдық, ашуланшақтық, қызғаныш: Альцгеймер мінезге қалай әсер етеді?
Альцгеймер кезінде адам тек ұмытшақ болып қоймай, бұрынғы әдеттері мен мінезі де өзгеруі мүмкін. Мысалы, бау-бақша күтіп, немерелерімен ойнағанды немесе домбыра тартқанды ұнататын адам бірте-бірте осы істерге қызықпай қалады.
Психиатр Алмагүл Айтжанованың айтуынша, жақындары мұны көбіне қартайғаннан деп ойлайды. Кейде тіпті аурудың белгісін сараңдыққа немесе өзімшілдікке балайды.
– Бізге туыстары «әжеміз сараң, өзімшіл болып кетті» деп келеді. Бірақ ол ақшасын басқара алмай қалудан қорқып, оны жинап, жасыруы мүмкін. Өйткені есеп-қисап жүргізу қабілеті нашарлайды. Ал жақындары мұны түсінбей, мінезі өзгерді деп ойлайды, – дейді психиатр.
Кейде адам ақшасын бір жерге тығып, кейін қайда қойғанын ұмытады. Таба алмаған соң балалары ұрлады деп күдіктенеді. Тіпті жақындары өзін улағысы келеді деп қорқуы мүмкін.
Ауру адамның көңіл күйіне де әсер етеді. Бұрын сабырлы болған адам болмашы нәрсеге ашуланып, жақындарына ауыр сөз айтуы ықтимал. Кейбірі жиі жылап, жұбайын себепсіз қызғанады. Дәрігер мұны мидың мінез-құлық пен сезімді басқаруға жауапты бөліктерінің зақымдануымен байланыстырады.
Уақыт өте адамның сөйлеуі мен қарапайым шаруаларды атқаруы да қиындайды. Қажетті сөзді таба алмай, заттың атын «анау нәрсе» деп түсіндіреді. Кейде ауа райына сай киіне алмайды немесе түймесін қалай салуды ұмытады.
– Егер бұрын ұқыпты жүрген егде жастағы адам жуынуды қойса, күн сайын бір тамақты жей берсе немесе жалғыз қалудан қорқа бастаса, мұны жай мінездің өзгеруі деп қабылдауға болмайды. Мұндай жағдайда оның себебін анықтау қажет, – деп ескертті Алмагүл Айтжанова.
Альцгеймер неге кеш анықталады?
Мұндай өзгерістерге мән бермеу аурудың кеш анықталуына себеп болуы мүмкін. Алмагүл Айтжанованың айтуынша, кей отбасылар жақынының жағдайы әбден нашарлағанда ғана дәрігерге жүгінеді.
– Бізде «адам қартайған соң ұмытшақ болады, мінезі өзгереді, бұл қалыпты жағдай» деген қате түсінік бар. Кей отбасылар жылдар бойы мән бермей жүріп, жағдай әбден қиындағанда ғана көмекке жүгінеді, – дейді психиатр.
Маманның тәжірибесінде аурудың екінші немесе үшінші сатысында ғана дәрігерге келетін науқастар жиі кездеседі.
– Астана қалалық психикалық денсаулық орталығына адамдар көбіне аурудың екінші немесе үшінші сатысында жүгінеді. Мұндай кезде есте сақтау мен ойлау қабілетін бағалайтын MoCA тестінен 30 балдың шамамен 15-ін ғана жинауы мүмкін. Ал ауруды ертерек, адам 24–26 балл жинап жүрген кезде анықтаған маңызды, – деп түсіндірді маман.
MoCA – адамның есте сақтау, зейін қою және ойлау қабілетін бағалайтын тест. Ең жоғары нәтиже – 30 балл. Алайда диагноз тек жиналған ұпайға қарап қойылмайды.
Дәрігер аурудың алғашқы белгілері кейде отбасының күнделікті қамқорлығының тасасында қалатынын айтады.
– Балалары ата-анасының коммуналдық төлемдерін төлеп, тамағын дайындап, үй шаруасына көмектесе бастайды. Бір қарағанда, бұл кәдімгі қамқорлық сияқты. Бірақ сол кезде ата-анасының бұрын өзі атқарған істерге шамасы келмей қалғанын аңғармайды. Сөйтіп, аурудың белгілері де елеусіз қалады, – деді психиатр.
Мәселенің тағы бір жағы – медициналық тексеру. Алмагүл Айтжанованың айтуынша, Қазақстанда 65 жастан асқан адамдардың есте сақтау қабілетін жыл сайын міндетті түрде тексеру қарастырылмаған. Сондықтан адам қан қысымы мен қандағы қант деңгейін бақылап жүргенімен, жадының нашарлағанын тексертпеуі мүмкін.
Оған қоса, Альцгеймер барлық адамда бірдей басталмайды. Невролог Шынар Айтжанованың айтуынша, әсіресе 65 жасқа толмаған науқастарда алғашқы белгі ұмытшақтық болмауы мүмкін.
– Кейбір науқастарда алдымен сөйлеу, сөздерді дұрыс таңдау, есептеу, жоспарлау немесе кеңістікті бағдарлау қабілеті бұзылады. Сондықтан мұндай белгілер кейде шаршау немесе күйзеліспен шатастырылып, диагноз кеш қойылуы мүмкін, – дейді невролог.
Ал ауруға күдік туған жағдайда дәрігер науқастың күнделікті өміріндегі өзгерістерді анықтап, жақындарының да пікірін тыңдайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде есте сақтау және ойлау қабілетін бағалау үшін MoCA, MMSE және сағат сызу тесттері қолданылады. Соңғысында адамға сағаттың суретін салып, сандарын дұрыс орналастыру тапсырылады. Бұл оның ойлау және кеңістікті бағдарлау қабілетін бағалауға көмектеседі.
Қажет болса, қосымша тексерулер жүргізіледі. Өйткені ұмытшақтықтың себебі әртүрлі болуы мүмкін.
Министрлік дерегіне сәйкес, Қазақстанда 2 649 невролог жұмыс істейді. Тағы 123 маман жетіспейді.
Ауру толық емделмесе, оны ерте анықтаудың қандай пайдасы бар?
Қазіргі медицина Альцгеймерді толық емдей алмайды. Дегенмен ауру ерте анықталса, науқасқа қажетті көмекті уақытында көрсетіп, оның өз бетінше өмір сүру қабілетін мүмкіндігінше ұзақ сақтауға болады.
– Қазіргі таңда ауруды толық емдейтін әмбебап ем жоқ. Бірақ кейбір емдеу тәсілдері белгілерді жеңілдетуге, ал белгілі бір науқастарда аурудың дамуын баяулатуға мүмкіндік береді, – дейді невролог Шынар Айтжанова.
Психиатр Алмагүл Айтжанова ерте диагноздың отбасы үшін де маңызды екенін атап өтті.
– Альцгеймерді толық емдей алмаймыз. Бірақ ерте диагноз отбасыға тағы 3–5 жыл сапалы өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл – өте көп уақыт. Адам осы кезеңде өзіне күтім жасап, жақындарын танып, күнделікті тіршілігін жалғастыра алады, – деді дәрігер.
Бұл барлық науқас дәл осынша уақыт өз бетінше өмір сүреді деген сөз емес. Аурудың қалай өрбитіні адамның денсаулығына, диагноз қойылған кезеңге және көрсетілген көмекке байланысты.
Ерте диагноздың тағы бір пайдасы – алдағы өмірді жоспарлауға мүмкіндік беруі.
Мәселен, науқас газды өшіруді ұмыта бастаса, үйдегі қауіпсіздікті күшейтуге болады. Ал таныс жерден адасу қаупі болса, оның сыртқа жалғыз шығуын қадағалау қажет.
Қаржылық мәселелерді де алдын ала реттеген маңызды. Өйткені есте сақтау қабілеті нашарлаған адам алаяқтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін.
– Аурудың бастапқы кезеңінде адам өз мүлкіне, қаржысына және алдағы күтіміне қатысты шешімдерді өзі қабылдай алады. Мысалы, сенімхат рәсімдеп, өсиет жазып, басқа да маңызды істерін реттеп үлгереді. Ал ауру асқынып, шешім қабылдау қабілетін жоғалтса, мұндай мәселелерді шешу әлдеқайда қиындайды, – деп түсіндірді Алмагүл Айтжанова.
Әрине, мұндай құжаттар адамның әрекет қабілетіне және заң талаптарына сай рәсімделеді.
Альцгеймердің үш кезеңі: науқас қашан тұрақты күтімге мұқтаж болады?
Альцгеймер бірден асқынып кетпейді. Ауру біртіндеп дамиды. Бастапқыда адам күнделікті шаруаларын өзі атқара алғанымен, уақыт өте жақындарының көмегіне мұқтаж бола бастайды.
Психиатр Алмагүл Айтжанованың айтуынша, аурудың даму жылдамдығы әр адамда әртүрлі. Кейбір науқастар ұзақ уақыт өз бетінше жүріп-тұрса, енді біріне ертерек тұрақты күтім қажет болады.
Бірінші кезең – жеңіл саты. Адам жақында болған оқиғаларды ұмытып, заттарын жоғалтады немесе бір сұрақты қайта-қайта қояды. Соған қарамастан өзі жуынып, киініп, тамақтана алады. Кейбір шаруаларын есіне салып, қажет кезде көмектесу жеткілікті болуы мүмкін.
Екінші кезең – орташа саты. Бұл кезде адамның күнделікті тіршілігі қиындап, жақындарының көмегіне мұқтаждығы артады. Кейде күн мен түнді шатастырып, таныс жерден адасуы мүмкін.
– Кейбір науқастар кешке қарай мазасызданып, айқайлап, «үйіме қайтамын» деп жинала бастайды. Бірақ өзінің сол үйде отырғанын түсінбейді. Мұны «күн бату синдромы» деп атайды. Адам таныс жерлерді танымай, үйінен шығып кетуі мүмкін. Сондықтан оны жалғыз қалдыру қауіпті, – деді психиатр.
Мұндай кезде науқас газды өшіруді ұмытып, дәрілерін шатастыруы да мүмкін. Сондықтан оның қауіпсіздігін тұрақты қадағалау қажет болады.
Үшінші кезең – ауыр саты. Ауру асқынғанда адам жақындарын танымай, сөйлеуден және өздігінен жүріп-тұрудан қалуы мүмкін.
– Ауыр кезеңде адамға тәулік бойы күтім қажет. Оны қасықпен тамақтандыру, жуындыру, киіндіру, төсектегі қалпын өзгертіп отыру керек. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқан науқастарда ойылу жарасы, өкпенің қабынуы, қан тамырларында ұйындының пайда болуы сияқты қауіпті асқынулар туындауы мүмкін, – деп түсіндірді Алмагүл Айтжанова.
Дегенмен науқасты жалғыз қалдыруға бола ма, жоқ па деген мәселе тек аурудың сатысына емес, оның күнделікті әрекеттері мен қауіпсіздігіне қарай шешіледі.
Науқасқа қарайтын отбасы қандай қиындыққа тап болады?
Альцгеймер асқынған сайын науқасқа ғана емес, оны күтетін адамдарға да ауыр тиеді. Тамақтандыру, киіндіру, дәрісін беру, қауіпсіздігін қадағалау күнделікті міндетке айналады. Кейде түнде де көз жазбай қарауға тура келеді.
Мұндай күтім бірнеше жылға созылса, жақындарының өзі қажып, денсаулығы сыр беруі мүмкін.
– Альцгеймермен ауыратын адамға қарау кейде инсульттен кейін төсек тартып жатқан науқасқа күтім жасаудан да қиын болуы мүмкін. Өйткені ол үнемі бақылауды қажет етеді. Жылдар бойы демалыссыз қараған туыстарының өзі күйзеліске түсіп, депрессияға ұшырауы ықтимал. Сондықтан оларға психолог көмегі, арнайы оқыту және демалуға мүмкіндік қажет, – деді Алмагүл Айтжанова.
Психиатр мұндай отбасыларға көмектесудің бір жолы ретінде күндізгі күтім орталықтарын дамытуды ұсынады.
– Еуропаның бірқатар елінде туыстары науқасты таңертең осындай орталыққа апарып, кешке алып кетеді. Күндіз мамандар олармен жаттығу жасап, ән айту, сурет салу сияқты жұмыстар ұйымдастырады. Ал жақындары сол уақытта жұмысына барып, өз шаруаларын атқарады. Бізде мұндай қызметтер жеткіліксіз, – деп түсіндірді дәрігер.
Маман науқасты бірнеше күнге немесе аптаға арнайы мамандардың қарауына қалдыруға болатын орындар да қажет деп есептейді. Бұл жақындарының уақытша демалып, өз денсаулығына көңіл бөлуіне мүмкіндік берер еді.
Альцгеймермен ауыратын адамдарға қандай көмек бар?
Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform сауалына берген жауабына сәйкес, Альцгеймер диагнозы қойылған адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында, тиісті талаптарға сай ем ала алады. Медициналық көрсетілім болса, оңалту және паллиативтік көмек те қарастырылған.
Ведомство амбулаториялық жағдайда тегін берілетін дәрілер тізіміне донепезил мен мемантин препараттары енгізілгенін хабарлады.
Алайда психиатр Алмагүл Айтжанованың айтуынша, кей отбасылар науқастың еміне ай сайын 25–40 мың теңге жұмсайды.
– Бір айлық емге 25–40 мың теңге жұмсау кейбір зейнеткерлер үшін өте қымбат. Соның салдарынан емін тоқтатып қоятын адамдар бар, – дейді дәрігер.
Маман айтқан шығынның нақты қандай дәрілерге жұмсалатыны және олардың тегін берілетін препараттар тізіміне кіретін-кірмейтіні әзірге нақтыланбаған.
Ауру асқынып, адам өз бетінше өмір сүре алмайтын жағдайға жетсе, оған мүгедектік белгілеу мәселесі қаралуы мүмкін. Мұндай азаматтар заңда көзделген әлеуметтік қызметтерді де ала алады.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда Альцгеймерге арналған жеке ұлттық бағдарлама жоқ. Дегенмен 2026 жылдан бастап жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізілген.
Ал мамандар медициналық көмектен бөлек, науқасқа қарайтын адамдарды қолдауды да маңызды санайды. Әсіресе туыстарына науқаспен қалай сөйлесу, ол мазасызданғанда не істеу және күнделікті күтімді қалай ұйымдастыру керектігін үйрету қажет.
Альцгеймердің алдын алуға бола ма?
Альцгеймердің пайда болуына жас ұлғаюы мен тұқым қуалаушылық әсер етеді. Дегенмен денсаулыққа көңіл бөлу арқылы деменцияның кейбір қауіп факторларын азайтуға болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қан қысымының жоғары болуы, қант диабеті, артық салмақ, темекі шегу, аз қозғалу, есту қабілетінің төмендеуі және адамдармен сирек араласу деменция қаупін арттыруы мүмкін.
Ғылыми деректерге сәйкес, осындай қауіп факторларын азайту арқылы деменция жағдайларының шамамен 45 пайызының алдын алуға немесе басталуын кейінге қалдыруға мүмкіндік бар. Бұл көрсеткіш Альцгеймерге ғана емес, деменцияның барлық түріне қатысты.
Невролог Шынар Айтжанова қан қысымын, қандағы қант пен холестерин мөлшерін бақылауға, дұрыс тамақтануға, көбірек қозғалуға және ұйқыны қандыруға кеңес береді.
Алайда мұндай шаралар Альцгеймерден толық қорғай алмайды. Сондықтан адамның ұмытшақтығы күшейіп, мінезі немесе күнделікті әдеттері өзгере бастаса, оны қарттыққа жаба салмаған жөн.
– Альцгеймер – адамның кілтін қайда қойғанын ұмытуы ғана емес. Бұл – кілттің не үшін қажет екенін ұмытуы. Егер 60 жастан асқан жақыныңыздың мінезі өзгерсе, оны қарттыққа жаба салмаңыз. Дәрігерге апарып, есте сақтау қабілетін тексертіңіз. Осылайша, оның да, өзіңіздің де бірнеше жыл қалыпты өмір сүруіңізге мүмкіндік туады, – деп кеңес берді Алмагүл Айтжанова.
Альцгеймерді ерте анықтау ауруды толық тоқтатпаса да, науқастың өмір сапасын сақтауға және отбасына алдағы күтімге дайындалуға мүмкіндік береді. Ал дерт асқынғанда мәселе тек медициналық еммен шешілмейді. Сондықтан мамандар науқастарға да, олардың жақындарына да қолдау көрсететін күндізгі және уақытша күтім қызметтерін дамыту қажет деп есептейді.