«Қару-2010» іс-шарасының алғашқы күнінде елордада заңсыз сақталған 9 қару тәркіленді - ІІД

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат - Астана қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері сәуірдің 12-сі мен 16-сы аралығында өткізіліп жатқан «Қару-2010» республикалық іс-шарасының алғашқы күнінде заңсыз сақталған 9 қаруды тәркіледі.

Бұл ақпаратты аталған ведомствоның тіл саясаты және ақпарат бөлімі таратып отыр.

Мәселен, ведомствоның хабарлауынша, Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жұмыссыз, бұрын сотталған елорда тұрғынан ұстап, одан оқпен атылатын қаруға айналдырылған 9 мм газ тапаншасын алған. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Бір күннің ішінде полицейлер қаруды сақтау, алып жүру, тасымалдау және есепке алу сынды тәртіптердің 30 рет бұзылғанын анықтаған. Сондай-ақ

полицейлер ішкі істер бөлімінде тіркелген 29 винтовка, карабин, газды және травматикалық қаруларды заңды айналым ережелері бұзылғандығы үшін тәркілеген.

Іс-шараның негізгі мақсаты - отты қаруды, жарылғыш заттарды және құрылғыларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу және ашу. Осы шара барысында елордалық полицейлер азаматтар арасында өз еріктерімен қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және құрылғыларды тапсыруға үгіттейтін ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.