Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, азаматтық, қызметтік қару иелерін тексеру ұйымдастырылды. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды анықтау және заңсыз айналымнан алу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Төрт күн ішінде жедел алдын алу іс-шарасы барысында 2 476-дан астам қару иелері тексеріліп, сақтау мен алып жүрудің 35 фактісі, қаруды тіркеу тәртібін бұзудың 22 фактісі анықталды. Барлық 57 иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Қару айналымы ережесін бұзғаны үшін тіркелген қарудың 86 бірлігі тәркіленді. Заңсыз сақталған қарудың 6 бірлігі тәркіленді.
Тексеру жұмыстары кезінде полиция қызметкерлері Құдайбердіұлы-Манас көшелерінің қиылысында 38 жастағы қала тұрғынын ұстап, одан тапанша табылды.
Маманның қорытындысына сәйкес, тәркіленген тапанша «ОСА» ұңғысыз атыс құралы болып шықты. Сондай-ақ рейд барысында Ақтолқын көшесіндегі үйдің төбесінде «ИЖ-17» маркалы атыс қаруын сақтаған 53 жастағы қала тұрғыны анықталды.
Ер адамның айтуынша, ол мылтықты үйінің шатырынан тапқан. Барлық фактілер бойынша тексеру жүргізіледі. «Қару» жедел-алдын алу шарасы 17 маусымға дейін жалғасады.