Қару мен қаламды қатар ұстаған сарбаздар: Әскерилердің жаңа әні жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM — «Бүгін LIVE» студиясында тағы бір рухты әннің тұсауы кесілді.
Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген жас сарбаздар тікелей эфирде жүрек тебірентер туындыларын қалың көрерменге тарту етті.
Әріптестерімізге сұхбат берген коменданттық ротаның атқыштары ең әуелі өздерінің әскери өмірге қалай аяқ басқандарын баяндады.
— Бала кезімнен әскери адамдарға сырттай қызығатынмын. Әскери формамен жүргендерінің өзі әдемі көрінетін. Сыртынан қарасаң, рух береді. Басқалар да мені сырттай көргенде тура сондай әсер алатын сияқты көрінді. Сол үшін осы әскери салаға қызықтым. Негізінен Қарағанды қаласындағы Бүкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде білім алып жатырмын. Қазіргі таңда академиялық демалыс алып, ең әуелі Отан алдындағы борышымды өтеуді шештім, — дейді қатардағы жауынгер Алмас Мейраш.
Алмас Мейраш досының да Отан алдындағы борышын өтеуіне сеп болған көрінеді.
— Жалпы, Алмас екеуміздің әскерге келуіміз қызық болды. Алмас маған әскерге баратынын айтты. Сосын мен де бірге барып, бәрін бірге көрейік дедім. Бірінші Алмас, артынан мен бардым, — дейді Ерасыл Әнуарбек.
Қамтамасыз ету батальонының қос жауынгері әскери міндетін атқарып болған соң да сарбаз болуды жалғастырғылары келетінін айтты.
— Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әрбір сарбаздың ең басты мақсаты — өз отбасына аман-есен оралу деп ойлаймын. Одан бөлек, егер ойымыз өзгермесе, міндетімізді атқарып болған соң әскерде келісімшартпен қалуды жоспарлап отырмыз, — дейді олар.
Жас жауынгерлерді таныстырған — өнер жолы. Алмас пен Ерасыл әскерде де қабілеттерін шыңдауды естен шығармапты. Өлең жазып, ән айтып, аспаптарда да ойнай алады екен. Ал бір болмысына түрлі өнерді дарытқан Алмас Мейраш тікелей эфирде су жаңа туындысының тұсауын кесті.
— Авторлық әнімнің шыққанына көп уақыт болған жоқ. Бір аптадан енді асқан шығар. Осылай қарулас достарымды көріп, олардың жігерін, рухын көріп шабыт алып, «Ұлттық ұлан жігіттері» деген ән жазғанмын, — дейді сарбаз.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Бүгін LIVE» студиясына рухты дауысымен 20 жыл бойы әскери парадты жүргізген диктор қонақ болған еді.