Қару террористердің қолына түспеуі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда екі және екіден көп аңшылық қару ұстайтын 35 мың адам бар екен. Ал террористер қай үйде екіден көп қару болса, сол үйге шабуыл жасайтыны анық. Нәтижесінде мұздай қаруланған террористерден төнетін қауіп ұлғаяды. Сондықтан Ішкі істер министрлігі Қазақстанда бір адамның қолына берілетін аңшылық қарудың санын 10-нан 4-ге дейін қысқартуды ұсынуда.

Мұндай ұсынысты Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының жұмыс тобының екінші отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Рәшит Жақыпов жария қылды.

Ішкі істер министрлігінің жоғарыдағы ұсынысы өте орынды. Террористер әуелі қаруы бар үйлерді тонайтыны анық. Қару террористердің қолына түспеуі үшін мемлекет алдағы уақытта заңсыз қару иеленудің барлық мүмкіндіктерінің жолын жабуы керек. Аталған заң жобасы бойынша ұсынылған 100 түзетудің ішінен депутаттар екі қолын көтеріп қолдайтын ұсыныстардың бірі осы деп білемін. Себебі көп қару заңсыз айналымға түскен жағдайда қауіп те ұлғая береді. Мұндай қауіптің алдын аламыз десек, азаматтық, қызметтік және әскери оқ ататын қаруды сақтауға қатаң бақылау орнатуға тиіспіз.

Алысқа бармай-ақ, күні кешегі «Ақтөбе оқиғасынан» үлкен сабақ алуымыз керек. Ағымдағы жылдың маусым айында Ақтөбе қаласында радикалдар тобы «Паллада» және «Пантера» қару дүкендеріне шабуыл жасады. Соның нәтижесінде террористер 21 бірлік қаруға (соның ішінде үшеуі иір ойықты, он бесі тегіс оқпанды аңшы мылтығы, біреуі травматикалық және екеуі газбен атылатын тапанша), сондай-ақ АК-74 -тің макетіне ие болды.

Атап айтарлығы, сол жолы біздің тәжірибемізде тұңғыш рет Ақтөбе қаласының аумағында террористік қауіптің аса қиын «қызыл» деңгейі жарияланды. Соған сәйкес, ағымдағы жылы 6-12 маусым аралығында қаланың аумағында террорға қарсы арнайы операция жүргізілді. Операцияның нәтижесінде «Паллада» және «Пантера» қару сататын дүкендеріне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының әскери бөліміне қаруымен шабуыл жасаған 28 террористердің (он сегізі өлтірілді, бесеуі жараланды, бесеуі қолға түсті) іс-қимылының жолы кесілді.

2016 жылдың шілде айында Алматы қаласының аумағында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған қолында қаруы бар террористі залалсыздандыруға арналған операция өтті. Соның нәтижесінде бұрын Қылмыстық кодекстің жалпықылмыстық баптары бойынша сотталған қылмыскер қолға түсті. Алайда, қаныпезер қылмыскер қолындағы қаруымен 7 адамды (бесеуі облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері, біреуі Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің сарбазы, біреуі азаматтық тұлға) атып өлтірді. Өте өкінішті.

Айтарлығы, террористер өзінің қараниетті іс-қимылдарын жүзеге асырардан бұрын оқ ататын қаруды иеленуді көздейді. Ағымдағы жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысында тұтқындалған радикалдық топтың сегіз мүшесінің іс-жоспары осыған дәлел. Ұсталғаннан кейін өздері мойындағандай, олар көп қаруға қол жеткізу үшін ішкі істер органдарының бөлімшесіне шабуыл жасауды ойластырады. Қаруды иеленген соң арнайы қызмет пен полиция қызметкерлерін қырып салмақшы болған. Ұсталған террористерді тінту кезінде халықаралық террористік ұйымдардың туы мен бейнесі, экстремистік іс-қимылдарды насихаттайтын материалдар, қолдан жасалған пышақтар, пневматикалық винтовка табылды.

Осыған ұқсас «радикалдарды ұстау оқиғасы» биылғы жылдың тамыз айының соңында Ақтөбеде орын алды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуылдауды жоспарлаған радикалдық топтың 11 мүшесі қолға түсті. Олардың кейбіреуі құқық қорғаушыларға шабуыл жасау үшін өзін-өзі жарып жібермекші болған. Террористерден «АКМ» автоматының нақпішіні, нөмірлері өшірілген 16-ыншы калибрлі екі мылтық, оқдәрі, тапанша, көп мөлшердегі CD-дискілер, сонымен қатар халықаралық террористік ұйымдардың символикасы тәркіленді. Тізбектей беретін болсақ, мұндай мысалдар көп. Халықаралық терроризм белең алған кезеңде халықты террор қаупінен қорғауда қаруды сақтауға берік бақылау орнату аса маңызды компоненттің біріне айналып отыр.

Қорқыныштысы, террористер барынша көбірек адамның көзін жоймақ болып, мейірімсіздіктің әртүрлі шектен шыққан тәсілдерін қолдануды ойластыруда. 2016 жылдың тамыз айында Алматы облысында құзырлы құқық қорғау органдары үлкен қылмыстық топтың іс-қимылына тосқауыл жасады. Қылмыстық топ мүшелері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлапты. Сонымен қатар, террористер Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің, мұсылман қауымдастығы өкілдерінің көзін жоюды да ойластырған. Олар қоғамда үлкен айқай-шу туғызу мақсатымен адамдар барынша көбірек шоғырланған жерлерде терактілер жасауды ұйғарады. Ұсталғандарды тінту кезінде арнайы жарылғыш құрылғыларға қажетті химиялық компоненттер, адамдарды зақымдайтын элементтер, радикалдық әдебиеттер тәркіленді.

Жоғарыдағы тізбектелген террорлық іс-қимылдардың жолын кесуге еліміздегі құзыретті органдардың қырағылығы септігін тигізді. Атап айтарлығы, қазіргі таңда сыртқы саясаттағы өміршең бастамалардың және аймақтық интеграциялық жобалардың (Еуразиялық экономикалық одақ, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және т.б) белсенді қатысушысына айналған Қазақстанға күллі әлемнің назары ауып отыр. Алайда, біздің елімізбен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қырғызстан, Тәжікстан, Армения сияқты мемлекеттердегі оқиғалар терроризм мен жалған діни ұрандарды жамылған экстремизмге қарсы іс-қимылдардың жалпымемлекетік жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетті. Қазіргі кезде Мәжілісте талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң осының заңдық негізіне айналуы керек.