«Ақтөбедегі оқиғадан байқалғандай, қару-жарақ дүкенін лаңкестер басып алғанда қарулар атысқа дайын болып шықты. Бүгінде қару айналымы туралы заңнамаға қару-жарақ толық жасақталған күйінде сақталмауы туралы нақты талап енгізіледі. Яғни, мылтықтың серіппесі бөлек, қару басқа жерде және оқ-дәрілер де бір орында сақталуы қажет. Сонымен қатар қару-жарақ дүкендері адамдар көп жиналатын орындарда болмауы тиіс деген нормалар ескерілуде. Бұл - қатаң талап»,-деді М. Қалқабаев тілшілерге берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, қару-жарақ дүкендеріне нысандары тиісті талаптарға сәйкес келмесе, онда олар басқа ғимаратқа көшуі немесе мүмкіндігі болса жаңа нысан салуы қажет болады.
«Әрине, жаңа талапқа сәйкес, олар тиісті көлемде қаржы шығындайтыны белгілі. Бізде қару-жарақ дүкендері бизнесінің сегменті үлкен емес. Алайда, біз қару-жарақ айналымына арнайы мемлекеттік бақылауды енгізіп отырмыз. Атап айтқанда, бұл тұрғыда мемлекеттің қатаң бақылауы ескеріліп отыр және осыны дұрыс түсіну керек»,-деді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырыста Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қабылдаудағы мақсат - экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы және көші-қонды реттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.
Онда қару-жарақ айналымын, оны сақтау тәртібін бақылауды күшейту, оның ішінде азаматтық, қызметтік қару және оқ-дәрі айналымы, сондай-ақ күзет қызметін жүзеге асыру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыру ескерілген.
Бұдан бөлек, экстремизм мен терроризм үшін, оның ішінде халықаралық лаңкестік ұйымдарға және шетелдік қарулы жанжалдарға қатысқаны үшін жазаға тарту шараларын күшейту, лаңкестікке ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салу мәселелері қамтылып отыр.
Сонымен қатар терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтамағаны үшін, сондай-ақ қолданылуы міндетті техникалық құралдардың жарамсыздығы үшін күзет құрылымдарының және лаңкестік жағынан осал нысандар иелерінің әкімшілік жауапкершілігін енгізу көзделіп отыр.