Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазанның 5-і мен 11-і аралығында өткен шара аясында 121 мыңнан астам атыс қаруының жеке иелері тексеріліп, қаруды сақтау, алып жүру және пайдалану ережелерін бұзу оқиғалары анықталды. Аңшылық және балық аулау шаруашылығы саласында 3519 аңшы тексерілді, олардан аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 257 бірлік қару тәркіленді.
Сонымен қатар, осы аралықта ішкі істер органдарында тіркелмеген, заңсыз сақталып келген 873 бірлік қару алынды.
Қару айналымы саласында 6352 әкімшілік бұзушылық және 244 аң аулау ережелерін белден басу фактілері анықталған. Бұл бойынша 5692 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 660 іс сотқа жіберілді. Осы тәртіп бұзушылық бойынша жеке қару иелерінен 5548 бірлік қару алынды.