Қаруды қандай адам сатып ала алады, оны үйде сақтау тәртібі қандай
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының полицейлері қару сатып алғысы келген адамдардың нені білуі керектігін түсіндірді. Заңға сәйкес 21 жасқа толған азамат қана азаматтық қару сатып алуға құқылы. Бірақ ол үшін рұқсат қағаздарын рәсімдеу керек.
— Ең әуелі тұрғылықты жеріңіз бойынша ішкі істер органдарына eGov порталы арқылы электрондық өтініш бересіз. Сізге аңшы куәлігі, қару иеленуге қарсы медициналық көрсетілімдердің жоқтығын растайтын анықтама және қаруды пайдалана білу ережелері бойынша тексеруден өткені туралы анықтама қажет, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Рұқсат алынғаннан кейін қару белгіленген талаптарға сәйкес сақталуы тиіс.
Атап айтқанда:
• Қабырғасының қалыңдығы кемінде 3 мм болатын берік қару сейфіне;
• Сейф еденге немесе қабырғаға мықтап бекітілуі тиіс;
• Сейфтің есігі ішкі құлыппен жабдықталуы қажет. Қалаларда қару сақтайтын орынның дабыл жүйесі болуы тиіс. Дабыл сигналы иесіне, отбасы мүшелеріне немесе күзет ұйымына беріле алады. Қандай күзет жүйесін орнату керектігін қару иесі өзі шешеді.
— Қаруға қатысты мемлекеттік қызмет көрсету және өтінішті қарау мерзімі тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күніне дейін созылады. Қару сақтау ережелерін бұзбау — қару иесінің міндеті ғана емес, жеке және қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Елорда әуежайында суық қару тапсыру үшін арнайы жәшік орнатылғаны хабарланған.