Қарулы күштер еліміздің батыс өңірінде топан сумен қалай күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында еліміздің батыс облыстарында су тасқынынан адамдарды құтқару және топан сумен күрес жұмыстары туралы айтып берді.

Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Ақтөбе облысы 

Ойыл ауылында құрамында 15 адамы бар инженерлік бөлімше Ойыл өзені арқылы өтетін паром өткелінің көмегімен 238 тұрғынды эвакуациялап, 1,5 тоннаға жуық заттар мен азық-түлік тасымалдауды қамтамасыз етті. Одан бөлек, 50 әскери қызметші су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізу үшін Садовая ауылына барды.

Атырау облысы

Мұз жару тобы Жем өзенінің арнасын бұзып, кеңейту жұмыстарын жүргізді (Құлсары қаласынан 30 шақырым). Екі рет мұз жару жұмысы жүргізілді. Құлсары қаласында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 397 әскери қызметшісі ауысыммен 30 000 қап құм дайындады, Қарабау ауылындағы 50 әскери қызметші жағалаудың шетін нығайту үшін 3000 қап дайындады. 

Батыс Қазақстан облысы 

26 адамнан тұратын аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен Орал қаласының Шаған ауданында 2 400 қап құм дайындап, Жайық өзенінің арнасын нығайту жұмыстары жүргізілді. 

Маңғыстау облысы 

Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, 7-8 сәуірде Ақтау қаласы Бейнеу ауылында аумақтық қорғаныс бригадасымен жоспарланған тактикалық-арнайы оқу-жаттығу шеңберінде Атырау облысының Жылыой ауданындағы су тасқыны жағдайын жоюға тарту мақсатында 155 әскери міндеттін өтеуші шақырылды. 

Қорғаныс министрлігі ресми өкілінің мәліметінше, 27 наурыз бен 7 сәуір аралығында топан сумен күреске Қарулы күштердің жеке құрамынан 2 357 адам, 112 әскери техника, 10 тікұшақ және 4 ұшақ бірлік жұмылдырылды. Осы уақыт аралығында жеке құрам 2 305 адамды эвакуациялады, оның ішінде 732 бала бар.