Қарулы күштер қатары әскери колледждің 90 түлегімен толығады

Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінде кіші сержанттардың салтанатты оқуды аяқтау рәсімі өтті.

Іс-шараға оқу орнының басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, түлектердің туыстары мен жақындары қатысты.

Мереке Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың бюстіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Қатысушылар Халық қаһарманының рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Салтанатты сәтпен түлектерді Халық қаһарманы отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев құттықтады.

– Кіші командирлерге сарбаздарды оқыту, бөлімшелердегі әскери тәртіпті сақтау және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухын нығайту жауапкершілігі жүктеледі. Генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің түлегі деген атақты абыроймен алып жүретініңізге сенемін, – деді ол.

Дипломдар табысталғаннан кейін түлектерді сержанттар корпусына қабылдау рәсімі өтті. Айта кету керек, колледждің алты үздік түлегі ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарының екінші курсына қабылданады.

Іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Саптық шеру кезінде әскери қызметшілер өздерінің нақты қозғалыстары мен қаруды шебер меңгергендерін көрсетті. Сондай-ақ, қоян-қолтық ұрыс элементтері де көрсетілді.

Салтанатты сәтті Қазақ ұлттық өнер университетінің “Шабыт” колледжі студенттерімен бірге орындалған түлектер вальсі айшықтай түсті.

Мереке Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.

Бұған дейін елордадағы жетекші жоғары оқу орындарының студенттері әскери ант қабылдағанын жазған едік.