Қарулы күштер қызметшісі Ислам Сәтпаев нысана көздеуден Азия чемпионы атанды

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі, спортшы-нұсқаушы лейтенант Ислам Сәтпаев Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан құрлықтық біріншілікте нысана көздеуден Азия чемпионы атанды.

ҚР Қорғныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі винтовкамен жатып нысана көздеу сайысында жеңіске жетті.

Осы бағдарламада Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Никита Шахторин күміс медаль иеленді. Ал командалық бәсекеде Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин және Константин Малиновский үздік нәтиже көрсетіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Жалпы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үш алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, құрлықтағы ең мықты командалардың бірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Биылғы додаға құрлықтың 20 елінен 320-дан астам спортшы қатысып жатыр. Қазақстан құрамасы 47 мергенмен жарысқа түсті.

Құрлықтық біріншілік 13 ақпанда аяқталады. Әскери спортшылардың жеңісі Қарулы күштердің отандық спортты дамытудағы және елдің халықаралық беделін нығайтудағы қомақты үлесін тағы бір мәрте айқындайды.

Қазақстандық арнайы жасақ халықаралық турнирде топ жарды.