ҚР Қарулы күштері тарихында алғаш рет «Киберқауіпсіздік» әскери-есептік мамандығы бойынша запастағы офицерлер даярланды.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 170-тен астам запастағы офицерлер мен сержанттарды оқыту аяқталды.
Оқу қорытындысының басты оқиғасы — Қарулы күштер тарихындағы «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша алғашқы запастағы офицерлердің түлеп ұшуы болды. Сонымен қатар «Байланыс» мамандығы бойынша запастағы сержанттар да оқуын аяқтады.
Іс-шараның салтанатты қорытындысы әскери даярлық бағдарламасын сәтті аяқтаған жоғары оқу орындары студенттерінің Әскери ант қабылдау рәсімі болды.
Әскери даярлық негізгі оқу кестесінен қол үзбей жүргізілді. Бағдарлама теориялық сабақтарды, практикалық дайындықты және әскери оқу-жаттығу тәжірибесін қамтыды. «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алған болашақ запастағы офицерлер ақпараттық жүйелерді қорғау және кибершабуылдарға қарсы іс-қимыл мәселелерін пысықтады. Ал «Байланыс» мамандығы бойынша дайындықтан өткен сержанттар заманауи байланыс құралдарын орналастыру мен пайдалануды меңгерді.
— Қазіргі Қарулы күштер жоғары технологиялық ортада тиімді жұмыс істей алатын мамандарға мұқтаж. Сондықтан запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау барысында теориялық біліммен қатар, әскери қызметшілер нақты жағдайда орындауы мүмкін міндеттерді тәжірибе жүзінде пысықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Киберқауіпсіздік және байланыс бағыттары бойынша дайындық цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында сұранысқа ие мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты академиялық ұтқырлық бөлімінің әдіскері майор Жанарбек Керімқұлов.
Жаңа әскери-есептік «Киберқауіпсіздік» мамандығының алғашқы түлектерінің бірі — Алматы технологиялық университетінің студенті Азамат Нәбиев.
— Оқу бізге тек кәсіби білім беріп қана қоймай, әскери маманның жоғары жауапкершілігін түсінуге мүмкіндік берді. Біз топпен жұмыс істеуді, күрделі жағдайда шешім қабылдауды және алған білімімізді тәжірибеде қолдануды үйрендік. Әскери ант қабылдау — Отанға қызмет етуге және алған құзыреттерімізді ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында пайдалануға дайын екеніміздің белгісі, — деді ол.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің заманауи талаптарын ескере отырып, әскери-есептік мамандықтар тізбесін кеңейтуді жалғастырып жатыр.
2025 жылдан бастап институтта әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағыты бойынша запастағы офицерлерді даярлау жүзеге асырылып келеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының кеңінен қолданылуы жағдайында мұндай мамандар елдің әуе кеңістігін қорғауда маңызды рөл атқарады.
Институтта әскери даярлық бағдарламалары іске қосылғаннан бері заманауи әскери-есептік мамандықтар бойынша 190-нан астам запастағы офицерлер мен сержанттар дайындалды.
Осыған дейін Әскери жоғары оқу орнының 160-тан аса түлегі офицерлік қызметке кірісетінін жазған едік.