Қарулы күштер жаңа оқу цикліне көшті: бүгін — Жауынгерлік даярлық маманы күні

АСТАНА. KAZINFORM — Қарулы күштердің Жауынгерлік даярлық жөніндегі орталық органының тарихы 1992 жылғы 14 тамыздан басталады. Осы күні Қорғаныс министрлігінің құрылымында тиісті бөлімше құрылып, Қорғаныс министрінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары — басқарма бастығы лауазымы енгізілді. Ол туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жауынгерлік даярлық департаментінің құзыретіне әскери оқыту процесін ұйымдастыру, әскери қызметшілердің қажетті даярлық деңгейіне қол жеткізу және оны жетілдіру кіреді. Бұл жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі — бөлімшелер мен әскери басқару органдарының өз міндеттерін табысты орындауы үшін қажетті үйлесімділігін қамтамасыз ету.

Қазіргі жағдайда қарулы күрестің сипаты мен оны жүргізу тәсілдерінің өзгеруін ескере отырып, департамент жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға және оның тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Биыл Қарулы күштер жазғы оқу кезеңінен бір жылдық оқу цикліне көшті. Жаңа тәртіп Қарулы күштердің барлық түрлерінде, әскер түрлері мен тектерінде, әскери бөлімдер мен мекемелерде енгізілді, — делінген хабарламада.

Жеке даярлық барысында алғашқы кезеңде әскери қызметші базалық жалпыәскери даярлықтан, одан кейін әскери-есептік мамандығы бойынша даярлықтан өтеді. Келесі кезең — бөлімшелерді үйлестіру. Ол бөлімше мен взводтан бастап рота мен батальонға дейінгі деңгейлерді қамтиды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаңа тәртіпке сәйкес жас жауынгерлер жалпыәскери даярлық курсынан өткеннен кейін жауынгерлік даярлық апталығы басталады. Мұндай тәсіл олардың базалық білім мен дағдыларды меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

— Жаңа оқу цикліне көшу аясында жауынгерлік даярлық бағдарламасының мазмұны да қайта қаралды. Жалпыәскери пәндер бойынша жаңа нормативтер мен бірыңғай атыс даярлығы курсы әзірленді, командирлік даярлықтың форматы жаңартылды. Сонымен қатар жауынгерлік даярлық іс-шараларын электрондық форматта жоспарлауға және есепке алуға мүмкіндік беретін «Бес қару» бағдарламалық модулі енгізіліп жатыр, — деп хабарлады министрліктен.

Биыл дене даярлығы басқармасы Жауынгерлік даярлық департаментінің қарамағына берілді. Бұл әскери қызметшілердің дене және жауынгерлік даярлығын бірыңғай оқу процесіне біріктіруге мүмкіндік берді.

Жауынгерлік даярлықты дамытудың маңызды бағыттарының бірі — полигон инфрақұрылымы мен жаттығу базасын жетілдіру. Заманауи техникалық құралдар түрлі тактикалық сценарийлерді құруға және әскери қызметшілердің іс-қимылдарын нақты ұрыс жағдайына барынша жақын ортада пысықтауға мүмкіндік береді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жауынгерлік даярлық жүйесін ұйымдастыру мен дамыту бағытында командирлер мен тиісті органдардың мамандары күнделікті жұмыс атқарады. Олар даярлықты жоспарлап үйлестіреді, сабақтардың мазмұнын жетілдіріп, оқытудың заманауи әдістерін енгізеді және әскери қызметшілердің даярлық деңгейін бақылайды.

Әскери қызметшілердің сенімді әрекет етіп, қойылған міндеттерді орындауға әзірлігі көп жағдайда тиісті мамандардың кәсібилігіне, тәжірибесі мен жауапкершілігіне байланысты. Олар жауынгерлік дайындықты қамтамасыз етіп, мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлкен үлес қосып келеді.

Айта кетейік, жақында Қазақстан Қарулы күштерінде жаңа кәсіби мереке алғаш рет аталып өтті.