Қарулы күштерде дрондарға қарсы қорғаныс тәсілдері жетілдіріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қарулы күштерде радиоэлектрондық қорғаныс және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Маңызды шараға Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілері қатысып жатыр.

Бүгінгі таңда жауынгерлік тапсырмалардың сәтті орындалуы тек қару-жараққа ғана емес, сонымен бірге радиоэфирді бақылау деңгейіне де тікелей байланысты. Осы ретте мамандар өздерінің байланыс жүйелерін бөтен кедергілерден қорғауды, радиосигнал көздерін анықтауды және дрондарға тиімді соққы беруді үйреніп жатыр.

43988 әскери бөлімі командирінің орынбасары — штаб бастығы подполковник Азамат Асқардың айтуынша, ұшқышсыз технологиялардың қарыштап дамуы радиоэлектрондық күрес мамандарын даярлау ісін де үздіксіз жетілдіріп отыруды талап етеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Қазіргі уақытта ұрыс тек жерде немесе әуеде ғана емес, сондай-ақ радиоэфирде де жүріп жатыр. Сондықтан радиоэлектрондық күрес мамандарын дайындау — жауынгерлік әзірліктің басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл жиында біз заманауи радиоэлектрондық күрес құралдарын зерттеп қана қоймай, Қарулы күштердің түрлері мен әскер тектері өкілдерінің өзара бірлесіп жұмыс істеуіне баса назар аударып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз — байланыс жүйелерін қорғау, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді анықтау және оларға қарсы тұрудың ортақ тәсілдерін әзірлеу, — деді ол.

Сабақ барысында әскери қызметшілер заманауи радиоэлектрондық күрес құралдарын меңгеріп, байланыс пен басқару арналарын қорғау әдістерін үйренуде. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын тауып, олардың сигналын басып тастау амалдарын пысықтауда.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл ретте іс-тәжірибеге де ерекше мән берілген. Жиынға қатысушылар әскери нысандардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды, заманауи РЭК кешендерін қолдануды және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді пысықтап жатыр.

51809 әскери бөлімінің әскери қызметшісі капитан Ерік Қасымбеков те бұл жиынның маңызы зор екенін атап өтті.

— Мұндай жиындар жаңа білім алып қана қоймай, Қарулы күштердің түрлеріндегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Әсіресе, шынайы ұрыс даласына барынша жақындатылған жағдайда іс-қимылдарды пысықтайтын практикалық бөлімнің пайдасы зор. Мұнда шыңдалған дағдылар әскери нысандарды қорғау және заманауи қатерлерге лайықты соққы беру тапсырмаларын сапалы орындауға септігін тигізеді, — деді капитан Е. Қасымбеков.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі, ол өзара тәжірибе алмасу. Қарулы күштер түрлері мен әскер тектерінің өкілдері ұшқышсыз технологиялардың дамуына байланысты туындайтын қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді талқылап, олардың жолын кесудің бірлескен тәсілдерін жетілдіру үстінде.

Осындай жиындарды өткізу мамандардың біліктілігін арттыруға, бөлімшелер арасындағы байланысты нығайтуға және жаңа сын-қатерлер жағдайында әскери нысандарды қорғаудың ең озық әдістерін енгізуге жол ашады. 

Айта кетелік Құрлық әскері әскери институтында дрон технологиясын меңгерген мамандар даярланып жатыр