Қарулы күштерде Sarbaz+ жобасы іске қосылды

Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысындағы Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөліміне Sarbaz+ пилоттық жобасы шеңберінде мерзімді әскери қызмет өткеретін алғашқы әскерге шақырылғандар легі келді.

Жоба жауынгерлік және арнайы даярлықтың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыруды көздейді. Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасы мерзімді қызмет кезінде IT, телекоммуникация және ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқару сияқты сұранысқа ие салаларда азаматтық мамандықтар алуға мүмкіндік береді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бастама әскери қызметті кәсіптік оқытуды, цифрлық шешімдерді, медициналық мониторинг жүйесін және бос уақытты сапалы ұйымдастыруды біріктіруді көздейді. Бұл ерекшеліктер әлеуметтік қолдаудың маңызды элементіне айналып, әскер мектебінен өткен жас қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде заманауи тұрмыстық және оқу жүйесі енгізілді. Осындай жаңалықтардың бірі фитнес білезіктерін қолдану арқылы әскери қызметшілерді медициналық бақылау болды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Бізде сарбаздарға заманауи оқу базасынан жақсартылған инфрақұрылымға дейінгі барлық қажетті жағдай жасалған. Бұл біздің жастардың жеке және кәсіби әлеуетіне салынған инвестициялар, — деп түсіндірді 78460 бөлім командирінің орынбасары подполковник Бақытжан Сейтов. 

Әскерден кейін сарбаздар армиядан азаматтық өмірде пайдалы болатын білім мен дағды алып шығады. Бұл бағдарлама біліктілігін арттыратын мерзімді қызмет сарбаздарын, офицерлер мен сержанттар құрамын қамтиды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Биыл қазан айында Sarbaz+ пилоттық жобасы аясында әскери бөлімде жеке құраммен тәрбие жұмысына жауапты офицерлер мен сержанттар үшін қарқынды курстар өтті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің жобасы әскери қызметшілерді жан-жақты дамытуға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған инновациялық дайындық моделіне көшуді білдіреді. Егер ол сәтті іске асырылса, мерзімді қызметтің бұл моделі ел Қарулы күштерінің барлық бөлімшесінде кезең-кезеңімен енгізіледі. 

Фото: Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Айта кетелік әскерилердің психологиялық жай-күйін енді ЖИ бақылайтыны туралы жазған едік