Деректі фильмнің барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері келтірілген.
«Біз байқап отырған әлемде және өңірде орын алған соңғы оқиғалар, түрлі нүктелердегі терактілер және Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар біздерге орын алуы мүмкін кез келген жайтқа дайын болуымыз қажеттігін көрсетіп берді. Қарулы күштер территориялық тұтастықты сақтауда, біздің Отанымызды, Қазақстан егемендігін қорғауда маңызды мәнге ие», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары «Арыстан» қызметінің бастығы, генерал-майор Әнуар Садықұлов өзі басшылық жасайтын қызметтің жауынгерлеріне бүгінгі күні қандай талаптар қойылатындығын айтып берді.
«Өте жоғары талап қойылады. Бұл олардың физикалық дайындығы, оның дүниетанымы, оның зияткерлік деңгейі, технологияны білуі, міндетті түрде жоғары білімінің болуы. Ең бастысы өзінің мемлекеті мен Президентіне адалдығы», - деп атап өтті ол.
Садықұловтың атап өтуінше, өкінішке орай қазіргі әлемде қауіп деңгейі төмендемей отыр. Сондықтан комитет ахуалға тұрақты түрде сараптама жасап отырады. «Біздің міндетіміз осы сын-қатерлерге дайын болу», - деп атап өтті комитет басшысының орынбасары.
Деректі фильмде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылуы мен қалыптасу тарихынан сыр шертіледі және онда лаңкестерге қарсы жүргізілген бірегей арнайы операциялардан кадрлар көрсетілді.