Қарулы Күштерде 12 мыңнан астам адам короновирусқа қарсы вакциналанды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қарулы Күштерінде еңбек ететін 12 мыңнан астам адам короновирусқа қарсы екпе салдырды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінен мәлім етті, дер хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Қорғаныс министрлігінде өткен аппарат кеңесінде ел әскерінің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Кеңесте, «Қалқан-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуының қорытындылары баяндалып, онда Қарулы Күштердің, Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның мемлекеттік шекараны күшейту жөніндегі бірлескен практикалық іс-қимылдары алғаш рет пысықталған болатын.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бұл ретте, оқу-жаттығу нәтижелерін талдау негізінде әскерлерді жауынгерлік және жедел даярлау үрдісіне маневрлер барысында тиімділік көрсеткен тәжірибені енгізуге нұсқау берді.

Қысқы оқу кезеңінің аяқталуына байланысты полигондар мен оқу алаңдарын оқ-дәрілер қалдықтарынан тазарту бас қолбасшыларға, қолбасшыларға тапсырылды. Бұдан өзге, қару-жарақ пен әскери техниканы жазғы пайдалану режиміне ауыстыруды уақтылы орындау қажеттігі және бұл іс-шаралар жазғы оқу кезеңіне қарай аяқталуы тиістігі айтылды.

Әскерге шақыру науқанын жалғастыру барысында сондай-ақ, барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуына назар аударылды. Бұл шаралар әскерге баратындарды іріктейтін жергілікті әскери басқару органдарына да, жас сарбаздар келген соң карантиндік іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс әскери бөлімдерге де қатысты.

Сондай-ақ Бас әскери медициналық басқарманың бастығы жеке құрамға жүргізілген екпе жөнінде жеткізді. 19 сәуірдегі жағдай бойынша 12 мыңнан астам әскери қызметші мен Қарулы Күштердің азаматтық персонал өкілдері коронавирусқа қарсы екпе салдырды.