Қарулы Күштерде мерзімді әскери қызметін атқарған сарбаздар запасқа шығарылуда

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 ақпандағы № 509 «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2013 жылдың сәуір - маусымында және қазан - желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығымен мерзімді әскери қызметін белгіленген уақытта атқарған сарбаздарды шығарып салу жүзеге асырылуда.

Осындай игілікті шара 12740 әскери бөлімінде ұйымшылдықпен өткізілді. Мерзімді әскери қызметке өткен жылдың күз айларында шақырылған сарбаздарды бүкіл жеке құрам сап түзеп тұрып, құрметпен шығарып салды.

Шығарып салу рәсіміне әскери бөлім командирінің шешімімен оркестр «Кездесу маршын» орындап, әскери бөлімнің Жауынгерлік туы желбіреді.

Штаб бастығы жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықтарда үздік оқуымен, жақсы тәртібімен танылғандарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Шара соңында әскери бөлім командирі подполковник Ж. Маралов азаматтардың адал қызметіне алғыс айтты. Жеке құрам запасқа шығушылар алдынан салтанатты сап түзеп өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

.