Қарулы күштердің Х спартакиадасы басталды

АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-қолданбалы және спорттық ойын түрлері бойынша Х спартакиадасы басталды.

Оныншы рет өткізіліп отырған спартакиада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Спартакиада ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің - Әскерилердің орталық спорт клубының оқу-жаттығу базасында кір көтеру қоссайысы және армспорт бойынша чемпионаттармен ашылды. Оған әскерлердің түрлерінен, құрылымдарынан, аймақтық қолбасшылық әскерлерінен және әскери оқу орындарынан 10 құрама команда қатысты.

Спартакиаданың бағдарламасына сондай-ақ Президенттік көпсайыс, шаңғы спорты, табельдік қарудан оқ ату енеді.