Қарыз әкелер үшін «Оларды балалары іздейді» ақпараттық жүйесі іске қосылды - Прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алимент өндіру - әрдайым өзекті мәселелердің бірі, өйткені, ең алдымен,балалар зардап шегеді. Жыл сайын республикамыздың соттарында балаларын бағып-күтуге алимент өндіріп алу жөніндегі 35 мыңнан астам азаматтық іс қаралады.

«Соның салдарынан олардың кезеңдік сипатына қарай сот орындаушылардың өндірісіне жылма-жыл 200 мыңнан астам алимент өндіру туралы атқару құжаттары келіп түседі. Бұл толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан осынша бала алимент алуға мұқтаж болып отыр деген сөз. Әдетте, борышкерлердің басым бөлігінің алимент төлеуге мүмкіндіктері жеткілікті болады, алайда, әртүрлі себептермен орындалмай жатады. Жекелеген жағдайларда олар өз жұмыс орны мен табысы туралы мәліметті қасақана жасырып қана қоймай, уәкілетті органдардан өздері де жасырынып жүреді»,-делінген ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінде. Атап айтқанда, 2014 жылдан бастап бұл комитетке іздеу салынған алимент бойынша борышкерлердің есебін жүргізу міндеті берілді. 2015 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша алиментті қасақана төлемеуші 399 адам есепке қойылды. Осы есеп базасында борышкерлердің фотосуреттерін жариялай отырып «Оларды балалары іздейді» атты ақпараттық сервис (порталдың мекен-жайы: service.pravstat.kz) құрылды. Бұл сот орындаушыларынан жасырынып жүрген борышкерлерді іздеудің тиімділігін арттырады деп күтілуде. «Ең алдымен, бұл сервис өндіріп алушыларға борышкердің іздеуде жүргеніне көз жеткізуге, сонымен қатар жұмыс берушілер, қызметтестер және өзге осы мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтар таныған жағдайда жасырынып жүрген борышкердің өмір сүру және жұмыс орны туралы сот орындаушыларына хабарлауларына мүмкіндік береді»,-дейді комитет өкілдері.