Қазір «3-Энергоорталықтың» газ тасымалдаушы мекеме алдындағы берешегі 1,5 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал, бұған дейін көктемде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы қарызды қайтармағаны үшін ірі өндіріс орнын көгілдір отыннан ажыратып тастаған. Соның салдарынан орталық ыстық су мен электр қуатын өндіру мүмкіндігінен айырылды. Кейіннен бұл мәселеге шаһар басшылығы араласып, үшжақты келісім негізінде жылу тасымалдаушы мекеме қарызының 805 миллион теңгесін қайтарған еді.
«Қазір мемлекетке тиесілі 20 пайыз акциясын сатып, осы қарызды жабайын деп отырмыз. Алда ондай мәселе кездеспейді деген ойдамыз. Өйткені, ресми түрде тарифтер белгіленіп қойды», - дейді Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов.
Жалпы, қарыздардың көбейіп кету себебін мамандар жылу үшін тұтынушылардан ақы алатын «Қуат жылу орталығы-3» мемлекеттік мекемесінің уақытылы ақша жинамауынан болды деп түсіндіреді. Қазір шымкенттіктердің жылу үшін берешегі 154 миллионға жеткен. Яғни, делдал мекеме 20 қыркүйекке дейін 1 млрд 540 миллион теңгені өтесе, орталық газдың алдындағы қарыздан құтылады. Сонда стансаның жұмысы қалыпты жағдайға түседі,- дейді сала мамандары.
Қазір қаладағы 1811 көпқабатты үй мен 352 мемлекеттік мекеменің басым бөлігі жылу қабылдауға дайын. Ал қалған үйлер мен жылу жүйелерін алмастыру мен магистральды жаңғырту жұмыстары маусымға дейін толық бітеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ жылу өндіруші мекеме қаржылық қиындықтарға қарамастан үш қазандық пен екі турбинаға қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп қойыпты. Оған газ берілсе, қазандықтар іске қосыла бермек.