«Қарызсыз қоғам» жобасы ауыл тұрғындарына несие алудың жауапкершілігін үйретіп жатыр
Бұл жоба қазақстандықтардың қаржылық мәдениеті мен кредиттік тәртібін арттыру үшін пәрменді құрал болады деп күтіліп отыр.
«Қаржылық сауат бойынша тегін курстар AMANAT партиясының аудандық филиалдарында өтеді. Оқыту бес күнге созылады. Тренинг нәтижесінде қатысушылар отбасы бюджетін қалыптастыру жолдарын, оны жоспарлау мен бөлудің негізгі алгоритмдерін, несие алу ережелері мен қайтару процесін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын, бизнес жобаларды қаржыландыру көздерін үйренеді», - деп жазылған партия хабарламасында.
Жауапты сала мамандары жергілікті халықтың оқуға ынтасы мол екенін айтып отыр.
«Бұл жерде халықты мазалайтын басты сұрақ – банкке берешегінің көбейіп кеткені, осы қарыздардан қалай құтыламыз, алдағы уақытта қарызға батпау үшін не істеу керек деп ойлайды. Оған қоса кәсіпкерлік жағынан да көп сұрақтар туындап жатыр. Біздің сабағымыз 5 күн болады, түске дейін тек қана теория оқытылса, түстен кейін – әр қатысушымен жеке консультация жасалып, бәрінің мәселелері қаралады», - деп түсіндірді оқытушы, қаржы сарапшысы Жандос Әзімбай.
Мәселен, Түркістан облысы Сауран ауданының тұрғыны Сандуғаш Назарсейітова жұбайымен қосымша жұмыс істесе де, баспана салуға қаражат жетпей, несие алған. Оның үстемеақысы көп екенін білмеген.
«Кез келген уақытта қаражаттан қиналсақ, банкке керек сомамызды жазамыз, олар бере салатын. Оның процентіне қарамайтынбыз, ай сайын төлеп отырсақ құтылармыз деген оймен несиені көп алдық. Енді бүгін қаржылық сауатымызды арттырып, өмірімізді жақсы жаққа өзгерткіміз келеді. Осы шара пайдасын молынан тигізіп жатыр», - деді С. Назарсейітова.
Оқу барысында қаржы мамандарынан бөлек заңгерлердің көмегі ұсынылады.
Олар әр тұрғынның несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін азайту бойынша құқықтық кеңестерін береді.
Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын.
Аталмыш жоба мамыр айында басталып 2023 жылдың қараша айына дейін жалғасады.
Оқуға кез келген ниет білдіруші қатыса алады.
Тіркелу үшін тұрғылықты жердегі AMANAT-тың аудандық филиалына хабарласу қажет.