Қаржы министрі республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштерін атады

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы республикалық бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені құрайды. Бұл туралы Құрылтай отырысында «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

Фото: Үкімет

— Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Еліміздің негізгі қаржылық құжатын әзірлеу барысында, ағымдағы экономикалық жағдай, барлық бюджеттік және макроэкономикалық тәуекелдер ескерілді. Басты мақсат — экономикалық өсімді ынталандыру, қаржылық тәртіп және мемлекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау арасында теңгерімді сақтау. Бұл бюджеттің негізгі элементі — адамға және адам игілігіне бағытталған инвестициялар. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы, бизнесті және отандық өндірушілерді қолдауға да тиісті көңіл бөлініп отыр, — деді министр.

Осы орайда Мәди Тәкиев 2027 жылдың мынадай үш негізгі көрсеткішін атады: 

— кірістер — 25,4 трлн теңге;
— шығыстар — 30,2 трлн теңге;
— бюджет тапшылығы — 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы.
— Бұл ретте бюджет тапшылығы 2029 жылы 0,4 пайызға дейін біртіндеп төмендейді.

Мемлекеттің меншікті кіріс базасы нығайып келеді. Ол 2029 жылға қарай 23,4 трлн теңгеге дейін өседі, — деді ол.

Бұған дейін баға тұрақтылығында тәуекелдер сақталып отырғанын жазған едік.