Бұйрық жобасы мемлекеттік кірістер органына 1500 АЕК-ке дейінгі салықтық берешегі бар және уақытша қаржылық қиындыққа тап болған салық төлеушілерге кепілсіз бөліп төлеу тәртібі мен шарттарын айқындауға мүмкіндік береді.
– Жобаның мақсаты – 1500 АЕК-ке дейінгі салықтық берешегі бар және уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған салық төлеушілерге кепілсіз бөліп төлеуді ұсыну. Бұған сәйкес, борышкерге кепіл мүлкін бағалау немесе оны міндетті сақтандыру талап етілмейді, сондай-ақ бөліп төлеу мерзімдері қысқарады, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар бұйрық жобасы Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 49, 113, 133-баптары және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заң талаптарын іске асыруға бағытталған.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жыл соңына дейін Салық кодексіне өзгерістер енгізілуі мүмкін деген еді.