Қаржы министрлігі былтыр салық бойынша жоспар неге орындалмағанын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр бюджет түсімдері 98,8 пайызға орындалды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлім етті.

Фото: Астана қаласының әікмдігі

- Бюджет түсімдері 98,8 пайызға орындалып, 21 трлн 382 млрд теңгені құрады. Шығыстар 25 трлн 447 млрд теңгеге немесе 98,8 пайызға іске асты. Бюджет тапшылығы 4 трлн 65 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызына жетті, - деді Д. Темірбеков.

Оның айтуынша, салықтар бойынша жоспар 730 млрд теңгеге орындалмады (немесе жоспардың 95,2%-ы). Ал салыққа жатпайтын түсімдер бойынша жоспар 388 млрд теңгеге асыра орындалды. Сәйкесінше, республикалық бюджеттің меншікті кірістері 336 млрд теңгеге кем орындалды.

Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы және қосылған құн салығы есебінен қалыптасты.

Жоспардың орындалмауының негізгі факторлары:

- 2025 жылға бекітілген бюджетпен салыстырғанда мұнай бағасының 6 АҚШ долларына төмендеуі;

- үшінші елдермен экспорт көлемінің 2,4%-ға немесе 1,7 млрд АҚШ долларына төмендеуі;

- 2025 жылғы кедендік төлемдер мен салықтар бойынша жеңілдіктер көлемінің 2024 жылмен салыстырғанда 204 млрд теңгеге немесе 17%-ға ұлғаюы.

- Осы факторларға және геосаяси жағдайға байланысты 134 ірі кәсіпорын бойынша республикалық бюджетке салық түсімдері 709,3 млрд теңгеге немесе 36%-ға азайды. Жыл басынан бері бизнеске 1,4 трлн теңге сомасында қосылған құн салығы қайтарылды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 138 млрд теңгеге көп. Жалпы алғанда, 2024 жылмен салыстырғанда кірістер (трансферттерді есептемегенде) 1,8 трлн теңгеге өсті. Өсу қарқыны 113,2% құрады, оның ішінде салық түсімдері 2,2 трлн теңгеге өсті немесе өсу қарқыны 117,5% құрады, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері таныстырылды.