Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жаңа ережелер қаржы ұйымдарын тек заң талаптарының сақталуын бақылаудан бөлек, ұсынылатын қаржылық өнімдердің тұтынушылар үшін қаншалықты қауіпсіз әрі қолайлы екенін бағалауға көшіреді.
Енді қаржы ұйымдары өнімнің бүкіл өмірлік циклі барысында клиенттердің мүддесін ескеруге міндетті болады. Бұл кезеңдерге өнімді әзірлеу, нарыққа шығару, қызмет көрсету, шарттарын өзгерту және оны ұсынуды тоқтату үдерістері кіреді.
Жаңа модель аясында банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының жекелеген қатысушылары қаржылық өнімнің мақсатты аудиториясын, құнын, ықтимал тәуекелдерін және оның тұтынушылардың қаржылық мүмкіндіктеріне сәйкестігін бағалауға тиіс болады.
Сонымен қатар қаржылық қызметтерді жарнамалау мен сату бойынша бірыңғай талаптар енгізіледі. Ұйымдар клиенттерге өнімнің шарттары, құны, артықшылықтары және ықтимал тәуекелдері туралы толық әрі нақты ақпарат беруге міндеттеледі.
Жаңа жүйенің мақсаты – азаматтарға олардың қажеттілігіне сәйкес келмейтін қаржылық өнімдердің ұсынылуына жол бермеу және қаржы нарығына қатысушылардың жауапты мінез-құлық үлгісін қалыптастыру.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі клиринг қағидаларына өзгеріс енгізетінін жаздық.