Қаржы нарығындағы серпін: ОПЕК+ өндірісті арттырды, теңге қалпында

Фото: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Мұнай бағасы 2,7%-ға өсті. Бұл – тұрақты сұраныстың белгілері байқалғанымен, ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіру көлемін арттыруына қарамастан өсім байқалған. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәлім етті.

Мұнай бағасы 

АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне орай 72 миллион америкалық сапарға шығуды жоспарлаған. Бұл рекордтық көрсеткіш.

Валюта нарығы 

Жұма күнгі валюталық сауданың қорытындысы бойынша, USD/KZT жұбы дерлік өзгеріссіз қалды – 1 доллар үшін 519,5 теңге (-0,01 теңге).

Сауда белсенділігі күрт төмендеді: сауда көлемі 229,7 млн долларды құрады (жыл басынан бергі орташа күндік көлем – 239,3 млн доллар).

Мүмкін, ірі қатысушылар импорттық келісімшарттарды және сыртқы міндеттемелерді төлеу аясында шетел валютасына деген сұранысты қанағаттандырған соң, сатып алу көлемін қысқартқан.

Теңгеге қолдау көрсетіп отырғандар қатарында – Ұлттық банк, Қаржы министрлігі құрылымдары және экспорттаушылар болуы мүмкін.

Ақша нарығы 

Ұзақ демалыс күндері қарсаңында ақша нарығындағы мөлшерлемелер айтарлықтай өзгермеді.

TONIA мөлшерлемесі 15,51%-дан 15,52%-ға көтерілді, ал SWAP-1D табыстылығы 11,02% деңгейінде қалды.

Жалпы сауда көлемі – 382,3 млрд теңге (-27,5 млрд).

Ұлттық банктің депозиттік аукционында сұраныс 1,2 трлн теңгеге дейін азайды (-616 млрд) және толық қанағаттандырылды (мөлшерлеме – жылдық 16,5%).

Ұлттық банктің ашық позициясы – 7,8 трлн теңге деңгейінде қалды.

Қор нарығы 

Жұма күнгі сауда нәтижесінде KASE индексі 0,67%-ға өсіп, 6 113,14 пунктке жетті. Бұл – сатып алу белсенділігінің басымдығымен байланысты.

Өсуге негізінен Халық банкінің (+2,5%) және БЦК-ның (+1,2%) акциялары үлес қосты.

Керісінше, ҚМГ акциялары 0,6%-ға арзандады.

Көптеген «көк фишкалардың» оң динамикасы нарықтың тұрақты көңіл-күйін және институционалдық инвесторлардың белсенділігін көрсетеді.

Мұнай

Дүйсенбі күні мұнай бағасы 1 баррель үшін 69,6 долларға дейін өсті (+2,7%).

Бұл – ОПЕК+ тамыз айында өндірісті күткеннен жоғары көлемде арттырғанына және АҚШ тарифтеріне қатысты жаңа қауіптерге қарамастан, тұрақты сұраныс белгілерінің басымдығымен түсіндіріледі.

Өткен аптада жарияланған туризм саласы статистикасына сәйкес, 72 млн америкалық 4 шілдеде – Тәуелсіздік күнінде – сапарға шығуды жоспарлаған.

Сонымен қатар, ОПЕК+ жаһандық нарықтағы үлесін қалпына келтіру үшін бұрын енгізілген шектеулерді біртіндеп алып тастауды жалғастыруда.

Өткен демалыста альянс тамыз айында өндірісті тәулігіне 548 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады – бұл қатарынан төртінші айлық өсім, әрі аналитиктердің болжамынан асып түсті.

Тәуекелді активтер

Үш ірі америкалық биржа индексі 0,8–0,9%-ға төмендеді. Бұл – АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтік мәлімдемелерінің күшеюіне байланысты.

АҚШ Жапония мен Оңтүстік Кореядан келетін тауарларға 25% тариф енгізетінін хабарлады. Сонымен қатар, Лаостан Сербияға дейінгі бірнеше елдерге де осындай хабарламалар жіберілді.

Бастапқыда тарифтер 10 шілде күні күшіне енуі керек еді, бірақ бұл мерзім 1 тамызға шегерілді.

Трамп бұл тарифтер елдер арасындағы келіссөздерге байланысты өзгеруі мүмкін екенін айтты. Ол сондай-ақ, Қытай мен Үндістан кіретін БРИКС-пен жақындасып жатқан елдерге 10% қосымша тариф енгізу қаупін де ескертті.

Сыртқы саудаға тәуелді компаниялардың (Lululemon, Estee Lauder, Deere) акциялары 2% және одан көп төмендеді.

Қорғаныс активтері 

Жаһандық нарықтардағы белгісіздік аясында қорғаныстық активтердің бағыты әртүрлі болды.

Алтын бағасы 0,2%-ға өсіп, бір унция үшін 3 344 долларға жетті – геосаяси және сауда тәуекелдері жағдайында нақты активтерге сұраныс сақталып отыр.

АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының табыстылығы 4,32%-дан 4,38%-ға өсті – бұл ФРЖ-ның қатаң ұстанымын немесе инфляциялық күтулердің күшеюін көрсетуі мүмкін.

Сонымен қатар, АҚШ долларының индексі 0,5%-ға өсіп, 97,5 пунктке жетті. Бұған тарифтік шиеленістің күшеюі себеп болып, долларды «қауіпсіз айлақ» ретінде сұранысқа итермеледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін ОПЕК+ ұйымының 8 елі мұнай өндіру көлемін тамыз айында тәулігіне 548 баррельге дейін ұлғайтуды көздеп отырғанын жазған едік.