Қаржы пирамидасын қалай ажыратамыз — маман кеңесі

Фото: Руслан Сатыбалдиевтің жеке архивінен

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Кейінгі үш жылда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 14 қаржылық пирамиданың жолын кесті. 2023 жылы — 3, 2024 жылы — 4, биыл 7 қылмыстық іс қозғады. Пирамида ұйымдастырушылары заңсыз әрекетінен 654 салымшыдан 376 млн теңге табыс тапқан.

Тергеп-тексеру барысында 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 141 млн теңге залал өтелді. Пирамида ұйымдастырушыларының 241 млн теңгеге бағаланған мүлкіне тыйым салынды. Сот шешімімен 301 млн теңгеге сатып алынған Астана қаласындағы 7 пәтер және 1 автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді.

Мамандар Қызылорда облысында қаржы пирамидасы қарқын алғанын айтып отыр. Адамдар көбіне тез әрі оңай ақша тапқысы келетіндіктен алаяқтың құрбанына айналады. Олар халықты түрлі жоғары табыс табуға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалармен қызықтырады. Сенімді инвестиция, қаражат салымында тым жоғары табыс уәде етілмейді.

— Қаржылық пирамиданың ортақ белгілері бар. Компания лицензиясыз, қызметін тіркелмей жұмыс істейді. Нақты өнім немесе қызмет ұсынбайды. Жаңа қатысушылар тартады, қаржы криптовалюта платформаларына немесе белгісіз жобаларға бағытталады. Негізгі белгісі — артынан адам тарту қажет. Тәжірибеге сәйкес қаржы пирамидасына кірген адам бұл іске көбіне туыс, дос, таныстарын тартады, — деді департамент басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.

Статистика қаржылық пирамидаға мұғалімдер мен медицина қызметкерлері жиі алданатынын аңғартып отыр.

— Олардың қоғамдағы беделін пайдалана отырып, басқаларды да сендіру оңай. Сондықтан біз осы екі саланың өкілдерімен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Жыл басынан бері мұндай іс-шараға 700-ге жуық қызметкер қатысты. Білім және медицинамен шектелмей, өңірдегі ірі мекемелерде де болып, қаржылық пирамидадан сақтану жолы туралы айтамыз. Ақпараттық түсіндірме жұмысы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, құқықтық жауапкершілігін түсіндіруге, өзі мен жақындарын қорғауға бағытталған, — деді Руслан Сатыбалдиев.

Елімізде алаяқтық жасауға дропперлердің араласуы жиіледі. Дроппер дегеніміз — өз атына банк шотын, карта немесе электронды әмиян ашып, кейін оларды үшінші біреуге, яғни алаяқтарға пайдалануға беретіндер.

— Дроппер өзінің қылмысқа көмектесіп жатқанын білмеуі де мүмкін. Бірақ заң бойынша бұл — қылмыстық жауапкершілікке әкелетін іс-әрекет. Алаяқтар әлеуметтік желі, Telegram, Instagram секілді платформаларда жұмыс іздеген жастарға «оңай табыс», «онлайн жұмыс», «картаны арендаға алу» сынды хабарландырулар арқылы хабарласады. Адамдарға өз атына банктен шот ашу, жеке мәлімет жолдау немесе жеке куәлігін суретке түсіріп жіберу секілді қарапайым өтініш айтады. Бұл мәлімет кейін ақша жымқыру, қаржыны жылыстату, алаяқтық сияқты қылмыстық мақсатта пайдаланылады, — деді департамент өкілі.

Айта кетейік, Қызылорда облысында жыл басынан бері 186 интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді.