Клуб капитаны Мадина Тұрсынова Алматы әкімінің атына бейнеүндеу жасады. Оның айтуынша, халықаралық деңгейде көптеген жетістіктері бар «Айсұлу» клубы биыл мемлекеттік қаржыландырудан толықтай қағылған. Сондай-ақ ол қалалық спорт басқармасы команданы «Олимпик» мұз айдынындағы бөлмесінен шығарып жіберуге тырысып жатқанын айтты.
— Біреулер үшін бұл жай ғана қабырға немесе жертөледегі жай ғана бөлме болып көрінуі мүмкін, ал біз үшін бұл — өміріміздің үлкен бір бөлігі өткен, командалық рухымыз шыңдалып, жеңістеріміз шыңдалған шынайы қара шаңырағымыз. Бізге Алматыда жаңадан ашылып жатқан клубқа ауысу ұсынылды. Командамыздағы барлық қыздардың атынан айтарым: біз оған ауысқымыз келмейді, өйткені ол жерде «Айсұлу» бізге жылдар бойы беріп келген болашақ пен мүмкіндіктер жоқ, — деп жазды Мадина Тұрсынова.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ерекше балаларға арналған «Пионер» курортының төңірегінде дау туындады.