Қаржыландыру жақсы, бірақ дәрігер тапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде әлі күнге дейін медицина саласындағы кадр мәселесі шешілмей тұр. Әсіресе, ауылдық жерлерде дәрігерлердің тапшылығы үлкен проблемаға айналған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2023 жылы мемлекеттік сектордағы дәрігерлердің тапшылығы 4,8 мыңнан асқанын айтты. Қалада – 3,7 мың, ауылда – 1,1 мың дәрігер тапшылығы тіркелген. Десе де, 2022 жылмен салыстырғанда қаладағы көрсеткіш 24%-ға, ауылдарда 21%-ға төмендеген.

«Егер бос лауазымдарды есептесек, денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 4,8 мың орта медицина қызметкері қажет. Бұл – 2022 жылдың соңындағы көрсеткіштен 27%-ға аз. Бүгінде ең көп сұранысқа ие медициналық мамандықтардың қатарына терапевтер, рентгенологтар, анестезиолог-реаниматологтар, хирургтер, акушер-гинекологтар кіреді», - деді вице-министр.

Денсаулық сақтау министрлігі резидентураның цифрлық платформасын әзірлеуге бастамашы болған. Оған сәйкес, медициналық кадрлардың тапшылығы мен қажеттілігін ескере отырып, олардың оқу орнына түскен сәттен бастап жұмысқа орналасуына дейінгі барлық үйлестіру процесі жүзеге асырылмақ.

«2024 жылы денсаулық сақтау саласында жас мамандардың рекордтық саны (10,5 мың) тіркелді. Олардың жартысынан көбі тегін білім алды. Медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің 2/3 бөлігі (4 мыңнан астам дәрігер) кадр тапшылығын жабу үшін медициналық ұйымдарға жұмысқа орналастырылды. Министрлік жыл сайын білім берудің барлық деңгейі бойынша 5,6 мың грант мөлшерінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады. Ағымдағы жылы өңірлердің қажеттілігіне сәйкес 2,5 мың резидентура гранты бөлінді», - деді ол.