Қаржылық бақылау дегеніміз не және ол не үшін қажет

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық бақылау мемлекет қаржысының «ревизоры» деуге болады. Жоғары аудиторлық палата бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланған жағдайда оны қандай орган және қалай анықтайтынын мәлім етті.

Қаржылық бақылаудың басты міндеті — заң бұзушылықтарды анықтап, оларды жою, бюджет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету.

Бақылауды арнайы мемлекеттік органдар жүргізеді.

Олардың ішіндегі ең негізгісі — Жоғары аудиторлық палата. Егер аудиторлар қандай да бір мәселені анықтаса, оны міндетті түрде шешу қажет: ақшаны бюджетке қайтару, уәде етілген жұмыстарды орындау, тауарларды жеткізу немесе қызмет көрсету.

Бұзушылықтар анықталған жағдайда Жоғары аудиторлық палата қандай шара қолданады: 

— мәселені шешу және кінәлі қызметкерлерді жауапқа тарту үшін міндетті түрде орындалуы тиіс нұсқама береді;

— өз құзыреті шегінде әкімшілік іс қозғайды;

— құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда материалдарды басқа органдарға жібереді;

— нұсқама орындалмаса, қылмыстық іске дейін жетуі мүмкін;

— ақшаны қайтару немесе міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін сотқа шағым береді.

Қандай құқық бұзушылықтар кездеседі: 

Қаржылық — бюджет қаражаты немесе мемлекеттік активтер негізсіз жұмсалған жағдайлар;

Процедуралық — жұмыс тәртібі бұзылғанымен, бюджетке тікелей шығын келмейтін жағдайлар.

Барлық бұзушылық бірыңғай тізім бойынша жіктеледі, осылайша олардың әрқайсысының қай санатқа жататыны белгілі болады.

Ең бастысы — заңсыз жұмсалған қаражат міндетті түрде бюджетке қайтарылуы тиіс, ал заң бұзғандар жауапкершілікке тартылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Жоғары аудиторлық палата туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жазған болатынбыз.