Қаржылық мониторинг агенттігі «The Finiko» пирамидасынан зардап шеккендерді іздестіруде

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Тараз қаласының аумағында «The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының бөлімшесін құру және оны басқару фактісін тергеп жатыр. ҚазАқпарат бұл туралы ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділовке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: "ҚазАқпарат" ХАА

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар «Thefiniko.СОМ» бағдарламасы арқылы өңір тұрғындарын салымшы (инвестор) ретінде тартқан. Олардың қаражатына (криптовалютасына) әлемдік биржаларда ойдан шығарылған трейдингті жүзеге асырған. Кіріс кейіннен қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында бөлінетіні айтылған.

«2021 жылғы шілдеде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «The Finiko» жобасын ресми түрде қаржы пирамидасы деп таныды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде бірқатар тергеу амалдары мен тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесімен қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданатын болады.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген мәліметте.

«The Finiko» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккендерден Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласу сұралып отыр.