11:57, 08 Маусым 2009
Қаржы дағдарысының салқыны туризм саласына да тиді ? Туризм және спорт министрі
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қаржы дағдарысының салдарынан елімізге туристік сапармен келушілер саны азайып отыр.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде туризм мен спортты дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Қазақпарат. Оның айтуынша, 2007 жылы елімізге келген туристер саны 5,3 миллион адамды құраса, 2008 жылы олардың саны 4,7 миллионды құрап көрсеткіш 11 пайызға дейін кеміген. Ал елімізден сыртқа шығушылар саны керісінше 2007-2008 жылдар аралығында 15,3 пайызға артқан. «Дегенмен, бұдан қаржы дағдарысы еліміздің туризм саласын мүлдем құлдыратып кетті деген ұғым тумауы тиіс. Өйткені туристік қызмет көрсету көлемі 2007 жылғы 54 миллиард теңгеден 66 миллиардқа дейін артып, өсім 23 пайызды құрады. Сондай-ақ туристік субъектілердің саны өткен жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда
326 бірлікке көп болды. Туристерді орналастыру орындарының саны
1 мың 100- ден асып, олар бойынша көрсетілген қызметтердің құны 47,5 миллиард теңгеге жетті», деді министр. Оның келтірген тағы бір мәліметтері бойынша, республикамыздың туризм нысандарын дамытуға бағытталған инвестициялар көлемі 2007 жылғы 97 миллиард теңгеден 130 миллиардқа дейін артып,
өсім 34 пайыз болған. «Сонымен бірге елдегі туристік қызметпен айналысатын 1 мың 163 туристік фирма мен 64 жеке кәсіпкер туризмнің барлық түрінен 14 миллион туристке қызмет көрсетті», деді Т.Досмұхамбетов.