Қаржы комитетінде төрт заң жобасы қаралды - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Хаттама 2013 жылғы 9 сәуірде Сингапур қаласында жасалған болатын.

Хаттама салықтардан жалтаруға жол бермеу мақсатында салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы Уағдаласушы екі мемлекеттің салықтық құрылымдарының ынтымақтастығын кеңейтуді көздейді.

Хаттамамен екі мемлекеттің орталық билік органдарына Келісімнің ережелері бөлігінде нақтылау енгізілген.

Комитетте сондай-ақ «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы мүлікті, оның ішінде бұрын заңды экономикалық айналымнан шығарылған ақшаны мемлекеттің бір мәрте жария етілуін жүзеге асыруына бағытталған.

Жария етілуге: ақша, құнды қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, басқа адамға рәсімделген қозғалмайтын мүлік, құрылыс ережелеріне сәйкес ғимарат (құрылыс), сондай-ақ олар орналасқан мақсатты жер телімдері, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде орналасқан жылжымайтын мүлік жатады.

Бұл ретте жеке адамға, меншікке, конституциялық құрылыс негіздері мен мемлекет қауіпсіздігіне, экологияға қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық және осы заң жобасында белгіленген басқа қылмыстар жасау нәтижесінде алған мүліктер жария етілуге жатпайды. Сондай-ақ құқығы сот тәртібі бойынша жойылған мүлік, несие ретінде алынған ақша және заң жобасымен көрсетілген басқа да мүліктер жария етілуге жатпайды.

Мүлікті жария ету мерзімі 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығында белгіленді.

Жария ету субъектілері Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзу кодекстерінің баптарында көзделген қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан, сондай-ақ толық емес, дәл емес декларациялар мен мәліметтер бергені немесе бермегені үшін тәртіптік жауаптылықтан босатылады.

Комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы Азаматтық, Бюджет кодекстеріне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексіне толықтырулар енгізуді көздейді.

Одан басқа, комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы еліміздің жаңа Бюджет тұжырымдамасын, түпкі нәтижелерге бағдарланған Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын, сондай-ақ Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасы от төрт заңнамалық актіге, оның ішінде бес кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.