Қаржы мен қаламгер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әдебиет пен формация бір қазанға басы сыймайтын екі қошқар сықылды. Әйтеуір, текетіреспен келеді. Итжығыс түскен кезі сиректеу. Екеуі ұстаса кеткенде әдебиет алып ұратынына ақ басты, сары тісті тарих куә. Дегенмен де ойландыратын дүние өте көп. Осы сұрақтар төңірегінде мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы былай әңгіме өрбітті...

- Нарықтық экономиканың бүгінгі әдебиетке тигізіп жатқан әсері туралы не айтар едіңіз?

Қажығали Мұхамбетқалиұлы:

- Жұрт бүгінгі әдебиетіміздің хал-ахуалы туралы немесе әдебиетшілердің жай-жағдайы жөнінде әңгіме бола қалса, бұл саладағы келеңсіздіктердің бәрін «нарықтық экономика деген бәленің» қырсығынан болып жатқандай көреді. Меніңше, осы - қате пікір! Неге? Өйткені, экономикаңыз капи­та­лис­тік пе, социалистік пе, оның әде­биет дейтін рухани әлемге тіпті де қа­ты­сы жоқ. Қатысы болса, осы екі әдіс­тің бірімен дамыған қоғамдық фор­мация­ның жақсысының әдебиеті көкке шырқап кетер еді де, жаманының әде­биеті мешел күйде қалып қояр еді. Олай болған емес, болуы мүмкін де емес. Сондықтан болса керек, нарықтық эко­номика жайлаған капиталистік елдерде де, жоспарлы экономикамен жұмыс жасаған социалистік елдерде де, таланттар туғызған талай-талай тамаша туындылар аз емес. Осыдан-ақ, ешқан­дай экономика түрінің әдебиет дейтін ерекше сфераға ешқашан тікелей әсер етпейтінін айқын аңғаруға болады. Ал енді... әңгіме мемлекеттің белгілі бір кезеңдегі әдебиет пен мәдениетке байланысты ұстанып отырған саясатына, яки қоғамның өз әлеуметтік жағ­дайына қарай әдеби-мәдени өмірге деген көзқарасына байланысты айтылып отырса, онда сөз басқа! - Ақиқатты мойындауымыз керек: өкінішке қарай, қазір біздегі құзырлы органдар әде­биет­ке жеткілікті көңіл бөлмей отыр. «Әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы болмайтыны» (Ғ.Мүсірепов. - Қ.М.) ескерусіз қалған. Кітап дегеніңіз халыққа жетпей жатыр. Тираж мүлде қанағаттанғысыз. Кітап саудасы жүйесі қираған. Осылар­дың салдарынан шығармашылық қауымда ілгерілеуге деген не мате­ри­ал­дық, не моральдық ынта жоқ. Ондай ынта қайдан болады, айлап-жылдап отырып жазған шығармасына алаңсыз тіршілік етуіне қажетті қаражат таба алмаса?! Оның отбасын, қатын-бала­сын «А.С.Пушкин асырамайды ғой...». Демек, кінә нарықтық экономикада емес. Нарықтық экономика - қо­ғам­дағы еңбек тәсілі ғана. Гәп - қандай әдіс-тәсілмен болса да табылған табыс­ты тиімді, орын-орнымен, әділ бөле білуде. Көше сыпырушыға да, базарда ар­ба сүйрегендерге де немесе такси ай­даушыға да тиісінше еңбекақы тө­ленеді... Неге көз мойын тауысып, ақы­лын сарқып кітап жазған қаламгер ақ-адал еңбегі үшін тиісті ақысын алып, өмір сүруіне болмайды. Болуға тиіс! Рухани жалғастықтың шама-шарқы қандай?

Қажығали Мұхамбетқалиұлы:

- Қазақ әдебиетіндегі осы рухани жалғастық, буындар арасындағы әдеби байланыс жәйлі ойланғанда, мен өз басым, сол «жалғастық», «байланыс» деген ұғымдардың жәй шартты ғана нәр­се екенін және олардың мән-ма­ғынасы соңғы жылдары мүлде өзгеріп кеткенін байқаймын. Сондықтан қазір «рухани жалғастық» туралы әңгіме еткеннен гөрі, бұл ұғымның не себепті мүлде басқа бағытқа қарай ауытқып, қалам ұстаған әрбір шығармашылық адамы неге тезірек өзіндік бет-бағда­ры бар «индивидке» айналуға тырысатынын зерделеуге ден қойғанымыз оңды болатын сияқты. Өйткені, кейінгі буын өкілдерінің бұл әрекеттері нәти­желі бола ма, болмай ма? - оған қара­мастан, жаппай осыған ұмтылу­шылық үрдіс бар. Әрі мұны - оң талап демеске әддіңіз жоқ. Себебі, соңғы жарты ға­сыр­дай уақыттан бері әдебиетке кілең оқыған, білімді ұрпақ келді. Және ашығын айтайық: олар тек қана туған әде­биетіміздегі аға ұрпақтан үйренуді өздеріне місе тұтпайды. Керек десеңіз, аға буынның күні кешеге дейін мақ­талып келген көптеген туындыларын социалистік реализмнің шырмауынан шыға алмай қалған шығармалар деп бағалайтыны да еш құпия емес. Бәлкім, жастыққа тән максимализм де бар шығар, әйтеуір олардың нысанасы - әлемдік әдебиеттегі үздік туынды­лар­дың (классикалық шығармалардың) көтер­ген проблемаларымен үндестік тауып, солармен рухани туыстыққа ұмтылу. Ең кемі - біздің әдебиетімізде бұрын-соң­ды көрінбеген тың құбылыс­тарға зер салып, адам психология­сының терең иірімдеріне үңілу; жаңа стильдік арналар мен бейнелеу әдіс­терін игеру талабы болып отыр. Ила­һим, осы жолда қай қаламгердің де табысқа қол жеткізуіне тілектес екенімізді айта кетейік. - Бүгіндері неге ірі жазушылар шықпай отыр?

Қажығали Мұхамбетқалиұлы:

- Бұл - өте даулы сұрақ. Ешкім де шешесінен туа сала, арғымақ мініп, алты айшылық жолға шығып кетпейтіні секілді, әдебиет табалдырығынан аттай сала, ешкім де «ірі жазушы» боп шыға келмейді. Ірі жазушы болу үшін жұрт­тың жұлын-тұтасын дүр-р еткізетін, ең құ­рығанда, бір... бәлкім, бірнеше туынды беру керек шығар... Оның үс­тіне, оқырман атаулыға ұлылардың бәрі бұ фәниден баяғыда көшіп кеткен секілді көрінеді де, қасында жүрген за­мандасы (ең көтеріп айтқанның өзінде) солар­дың бір жұқанасы ғана тәрізді сезілетіні бар. Әйтпесе, «алыптар тобын», олардың ізін басқан Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, С.Шәймерденов, Б.Соқпақбаевтарды берген қазақ әде­биетінде, ендігі буынға арқатірек болатын ірі жазушылар неге шықпай отыр? - деп алақан жаюға бола ма?! Артық айтсақ, Құдай кешірсін! Арамызда жүрген Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Әнес Сарай, Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков­терді қазақ әдебиетіндегі ірі қаламгер­лер демегенде, не дейміз?! Осылардың қай-қайсысы да кез келген елдің әде­биетінің маңдайына тарлық қылар ма еді?! Сондықтан «Неге ірі жазушылар шық­­пай отыр?» - деп, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Ырысы мол қазақ әдебиетінде бұ­лар­­дан соң да «Абайдың інілері-ай, қа­зақтың ірілері-ай!» - дегізетін талай таланттар туарына біздің еш күмәніміз жоқ.

Әңгімелескен Әлібек БАЙБОЛ.