Қаржы министрі бюджет тапшылығын қалай азайтатынын айтты
«Биыл бюджет тапшылығының ЖІӨ-ге қатынасы өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-дан 2,7%-ға дейін төмендеді. Бұл мемлекеттік қарыздың шамадан тыс өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Өйткені тапшылықты қаржыландыру негізінен ішкі нарықта жоспарланады», - деді министр.
Ерұлан Жамаубаев ішкі өтімділік жетіспеген жағдайда халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз тарту және сыртқы нарықтарға облигациялар шығару сияқты құралдар қолдану тәжірибесі бар екенін еске салды.
«Мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу, сондай-ақ Қазақстанның қор нарығына Euroclear клиринг палатасын тарту жұмысы жалғасады. Бұл бюджет тапшылығын қаржыландыруға қосымша өтімділік береді», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік қарызды басқару барлық белгіленген келісімдерді сақтай отырып іске асырылады.