Қаржы министрі Қазақстан мен Қытай тауар айналымы статистикасындағы кемшіліктерді мойындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында 2014 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін таныстырған еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан мен Қытай тауар айналымы статистикасындағы кемшіліктерді мойындады.

Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы тауар айналымның статистикалық мәліметтерінің қайшылығына қатысты Есеп комитетінің 2010 жылғы бюджет бойынша есебінде «Кеден бақылау комитеті Қытай Халық Республикасымен ақпараттық әрекеттестігі бойынша жұмыстарды қамтамасыздандыру жүйе бөлігі болып табылатын электрондық кеден аппараттық жүйесін құру үшін 2,7 млрд теңге жұмсады. Аталған жүйе Қытай Халық Республикасының кеден органымен ақпараттық әрекеттестік бойынша жүйелі жұмыс істеп тұр ма? Қытай тарапы Қазақстанға экспорт бойынша мәліметтерді жолдауға дайын болса, Қытайдан нақты импорт көлемін анықтау барысында табысты мағлұматтау кезінде Қытай кеден органдарының мәліметтерін пайдаланамыз ба?» - деп сұраған еді Сенат депутаттарының бірі министрден.

Өз кезегінде министр Қытаймен тауар айналым туралы статистикадан біраз кемшіліктер бар екендігін ашық айтты.

«Бірақ бұл тек қана бізбен ғана емес, Кедендік одақ аясында, мысалы, Ресей, Қырғызстанмен де осындай айырмашылықтар бар. Статистикадағы айырмашылықтар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ал мына электронды жүйеде ақпарат алмасу туралы қазіргі күні Премьер-Министр Қытайға барған кезде, әріптестеріміз бізге келген кезде жасалған келісімдер бар. Ол келісімдерге қарап сізге жазбаша жауап береміз. Бұл қиын жұмыс, екі жақты ғана жұмыс емес. Басқа да тараптармен бірге жұмыс атқару керек. Бұл жұмыстар туралы әлі айтамыз»,- деді Б.Сұлтанов.