«Салық және кеден саласында әкімшілендіруді жақсартуда біраз жұмыстар атқарылды. Мәселен, кеден бағытында импорт операцияларының уақытын қысқарту үшін «Астана-1» және қанатқақты режімде тауарларды таңбалау ақпараттық жүйелері іске қосылды. Жылда туындайтын келесі сұрақ қосылған құн салығын жинауға қатысты. Өздеріңізге белгілі, осы салықты әкімшілендіруде 2014 жылдың бірінші шілдесінен бастап электронды шот-фактура ақпараттық жүйесі қолданылуда. Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап, осы жүйе арқылы мониторингке жататын 300 ірі салық төлеушілер шот-фактураларын электронды түрде жазуға міндетті. Бұл жүйе салық органдары үшін қосылған құн салығын қайтару кезінде бақылау рәсімдерін оңтайлындыруға мүмкіндік береді», - деді министр.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов блокчейн технологиясына қолдану қадамдарына тоқталды.
«Осы жылдың тамыз айында блокчейн технологиясын қолдана отырып, осы салықтың орындалуының айқындығын қамтамасыз ететін жобаның тұсаукесерін өткізгелі отырмыз. Жобаның мәні - салық төлеушілердің қаржылық-транзакцияларын онлайн түрде қадағалап, оларға салықты уақытында қайтару», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Үкіметінің отырысында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда «Блокчейн» технологиясын қолданып, қосылған құн салығын әкімшілендірудің жаңа әдістерін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.