Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленген. Бұл ретте құжат арқылы қаржылық пирамидалардың жолын кесу, оны болдырмау бойынша шаралар кешенін қабылдау, бастысы, Қазақстан аумағында олардың қызметіне заңнамалық деңгейде тыйым салу көзделеді. Атап айтқанда, қаржылық пирамидалар құрғаны, оның қызметін ұйымдастыруға, оны басқаруға қатысты қылмыстық жауапкершілік қамтылады. Ал қаржылық пирамидалардың қызметін жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Сондай-ақ заң жобасымен қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың ұғымын нақтылау қарастырылады. Ондай қызметтердің жарнамалануына заңнамалық негізбен тыйым салынатын болады.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, әлемде қаржы пирамидаларының қызметіне қатысушылар саны шамамен 10-15 миллион адамды құрайды. Оның ішінде Қазақстанның өзінде «МММ» аталатын қаржы пирамидаларының 8 кеңсесі қызмет еткен. Үш жыл ішінде еліміздің құқық қорғау органдары бұндай ұйымдардың заңсыз қызметіне қатысты 61 іс қозғады.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылады.